ҚазҰУ профессоры мектепке кітаптарын сыйға тартты
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, белгілі тарихшы, Еуразиялық телевизия және радио академиясының академигі Ләйла Ахметова «Панфилов дивизиясы. Тарихи жадты сақтау» тақырыбында №68 мектеп-гимназиясының оқушыларымен кездесті.
Отан қорғаушылар күнімен және Жеңіс күні қарсаңында ұйымдастырылған жүздесуге 9-10 сынып оқушылары қатысты.
Іс-шарада Ләйла Ахметова Екінші дүниежүзілік соғыс туралы тың ақпараттармен бөлісті. Сондай-ақ өз сөзінде профессор қазақстандық батырлардың майдандағы ерліктері туралы айтты.
Ләйла Сейсембекқызы – 110-нан астам кітаптың, публицистикалық мақалалар мен мазмұнды монографиялардың авторы. Тарихшы соғыс жылдары қаза тапқан және хабар-ошарсыз жоғалып кеткен отандастарымыздың құжаттарын іздеп, нәтижесінде 635 қазақстандықтың Брест қамалын қорғағанын дәлелдеген.
Кездесу барысында Ләйла Ахметова «Ауыл кітапханаларына – 100 кітап» акциясы аясында №68 мектеп-гимназиясына 37 кітапты сыйға тартты. Оның ішінде «Медиаобразование Казахстана», «Международные стандарты журналистики ЮНЕСКО В Казахстане», «Медиа және ақпараттық сауаттылық», «Перепутье», «Блокадной памяти страницы», «Панфиловцы: наша гордость, наша слава», «Патриотизм сегодня: к юбилею Победы», «Политический маркетинг» және т.б. кітаптар бар.
Аталған республикалық акцияны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі бастаған болатын.
Шара соңында оқушылар профессор Ләйла Сейсембекқызына сұрақ қойып, тұшымды жауап алды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі