ҚазҰУ ректоры «Farabi HUB» құрылысымен танысты

13 мамыр, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев қалашықта құрылысы жүріп жатқан «Farabi HUB» орталығының құрылыс барысымен танысты.

Оқу ордасының басшысына жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелері туралы баяндалды.

Құрылыс компаниясының директоры Әбдіғаппар Сәрсенбаев ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевқа ғимараттың ішкі және сыртқы дизайнын таныстырды.

Жоғары технологиялық жобалар мен өнімдерді инновациялық дамыту орталығының жалпы аумағы 5 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда ғылыми  жобалар мен стартаптарға арналған аудиториялар, конференц-залдар, зертханалар, асхана, демалыс орындары мен көрме залдары орналасады.

Қазіргі таңда терезе қондыру жұмыстары аяқталды. Желдеткіш жүйелері орнатылып, ішкі құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

«Farabi HUB» орталығын аралап көрген жоғары оқу орнының басшысы Жансейіт Түймебаев жауапты мамандарға құрылыс жұмыстарын сапалы және уақтылы аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ ректор өз сөзінде орталық заманауи үлгіде жасақталатынын жеткізді. Бұл нысан университеттік ғылымды дамытуға және студенттердің оңтайлы білім алуларына үлкен септігін тигізетінін атап өтті.

Сонымен қатар ректор ҚазҰУ қалашығындағы жатақханалар мен «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығын аралап көріп, тыныс-тіршілігімен танысты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі