ҚазҰУ Шанхай ғылыми-техникалық университетімен серіктестік орнатты
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Шанхай ғылыми-техникалық университеті (University of Shanghai for Science and Technology (USST)) арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Шанхай ғылыми-техникалық университетінің (USSR) делегация құрамын аталған білім ордасының проректоры Цай Юнлян бастап келді. Арнайы сапармен келген меймандармен ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жәмила Айтжанова кездесті. Жүздесуге Farabi Business School директоры Жарасхан Сарыев және бизнес-мектеп командасының өкілдері қатысты.
Қонақтар ҚазҰУ мұражайын аралап, еліміздің жетекші жоғары оқу орнының тарихы мен жетістіктеріне қызығушылық танытты.
Кездесу барысында тараптар білім беру мекемелерінің жетістіктері мен оның даму келешегін талқылады. Тараптар студенттер мен оқытушы алмасу, қос диплом бағдарламасын іске асыру сынды ынтымақтастықтың ықтимал бағыттарын сөз етті. Қытайдағы ең көне университеттердің бірі ретінде Шанхай ғылыми-техникалық университеті 90 жылдық тарихы бар ҚазҰУ-мен серіктестік орнатуға мүдделі.
Делегация құрамының айтуынша, студенттер мен оқытушылар алмасу сынды дәстүрлі форматтағы ынтымақтастық болашақта бірлескен бағдарламалар, зертханалар мен орталықтар құру негізінде серіктестікке айналуы ықтимал.
Қол жеткізілген ынтымақтастық туралы келісім өзара түсіністік туралы меморандумда проректорлардың келісімі бойынша бекітілді.
Айта кету керек, стратегиялық құжатқа қол қою жақында Farabi Business School делегациясының Қытай университеттеріне сапары аясында жүзеге асты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі