PR-білім берудің өзекті мәселелері талданды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Нарықтағы 15 жыл: Қазақстан Республикасында PR-білім берудің өзекті мәселелері» тақырыбында мерейтойлық ғылыми-әдістемелік конференция өтті. Іс-шараны ҚазҰУ мен ҚР Қоғаммен байланыс жөніндегі ұлттық қауымдастығы және «PR-шы» қоғаммен байланыс кәсіпқойлары клубы бірлесіп ұйымдастырды.
Конференцияда Қазақстан баспасөз клубының президенті, Қоғаммен байланыс жөніндегі ұлттық қауымдастық кеңесінің төрайымы Әсел Қарауылова: «Бұл мерейтойлық шара қол жеткізген табыстарды ой елегінен өткізуге және қазіргі кезде алдымызда тұрған міндеттерді саралауға мүмкіндік береді. Осы орайда, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қазіргі ректоры Жансейіт Түймебаевтың 2009 жылы ҚР білім және ғылым министрі қызметін атқарған кезінде PR-мамандығын қайта жаңғыртуға елеулі үлес қосқанын айрықша айтуымыз керек», – деп атап көрсетті.
Конференция барысында ҚазҰУ мен ҚР Қоғаммен байланыс жөніндегі ұлттық қауымдастығы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Екіжақты келісім оқыту бағдарламаларын жетілдіруді және білім беру бағдарламаларының мазмұнын нарық сұранысына сәйкес жаңартуды, сондай-ақ ғылыми-әдістемелік қызметті қамтамасыз етуді, оқытушылар мен студенттердің кәсіби біліктілігін бірлесіп арттыруды, тренингтер мен семинарлар өткізуді көздейді.
Конференцияға қатысушылар кәсіби қоғамдастықпен өзара іс-қимыл мәселелерін саралап, оқытудың өзектілігі мен тәжірибелік бағытын қамтамасыз ету үшін білім беру мекемелері мен білікті мамандар арасында тиімді диалог құру мәселелерін талдады.
Сондай-ақ қазіргі заман үшін PR-білім берудегі этика мен әлеуметтік жауапкершілік тақырыбы көтерілді, өйткені студенттерде кәсіби қызметтің жоғары моральдық стандарттарын қалыптастыру өте маңызды.
Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар ғылыми-әдістемелік жұмысты жетілдіруге бағытталған ұсыныстар мен талап-тілектерді ортаға салды. Сонымен қатар «Қоғаммен байланыс» мамандығы бойынша білім беру тұжырымдамасын талдау және әзірлеу, «Антиплагиат» бағдарламасын жетілдіру бойынша жұмыс тобын құру ұсынылды.
Басқосуда мамандар қоғаммен байланыс саласындағы оқытудың теориялық және әдістемелік қырлары қарастырылатын ғылыми зерттеулер жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Осы мәселені зерттеп жүрген отандық ғалымдар мен мамандар үшін форумдар, тренингтер мен семинарлар ұйымдастырып, олардың еңбектерін басып шығаруға жағдай жасау керектігі айтылды.
Жиынға қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, заманауи талаптарды ескере отырып, қоғаммен байланыс саласындағы отандық жоғары білім беру жүйесінің жаңа бағыттарын қалыптастыруға қатысты өзекті мәселелерді ортаға салды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі