ҚазҰУ оқытушылары АҚШ-та тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алады
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Steppe Global Education білім беру орталығының басшысы, Халықаралық білім беру институтының (IIE) Орталық Азиядағы өкілі Джоэл Эриксон және «Мамандығым – болашағым» жобасының жетекшісі Самғат Ермекбаевпен кездесу өткізді.
Тараптар білім және ғылым саласында бірлескен мақсаттарды іске асырудағы жаңа мүмкіндіктерді қарастырып, ғылыми жобаларды коммерцияландыру бойынша серіктестікті жандандыру мәселесін талқылады.
Жүздесуде оқу ордасының басшысы ҚазҰУ-дың Орталық Азия және АҚШ ЖОО-ларымен байланысы қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды.
Өз сөзінде Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ базасында Қазақстан және АҚШ университеттерінің форумын өткізу, бірлесіп ғылыми орталық ашу жөнінде бастама көтерді. Сонымен қатар білім ордасында АҚШ және Орталық Азия университеттерінде оқитын студенттер үшін жазғы лагерьлер ұйымдастыруды ұсынды.
Өз кезегінде Джоэл Эриксон Қазақстан университеттерінің оқытушылары үшін «Фулбрайт» бағдарламасы арқылы кедергісіз АҚШ-та тағылымдамадан өтулеріне мол мүмкіндік бар екенін айтты. Аталған бағдарлама ағылшын тілін жетік білетін оқытушылар үшін өте тиімді екенін жеткізді.
Сондай-ақ жүздесуге қатысқан «Мамандығым – болашағым» жобасының жетекшісі Самғат Ермекбаев бұл бастаманың маңызы жоғары екеніне тоқталып, тиімді әріптестік орнайтынына сенім білдірді.
Кездесу соңында тараптар студенттер мен оқытушылар алмасу, халықаралық конференциялар мен форумдар өткізу, ғылыми жобаларды коммерцияландыру жұмыстарын жүргізу бойынша бірқатар іс-шаралар өткізуге уағдаласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі