ҚазҰУ Пәкістан университеттерімен серіктестікті нығайтуда
Халықаралық Гуджранвала ғылым, өнер және технология институтының ректоры және Sialkot университетінің басқарма төрағасы Файсал Манзур бастаған пәкістандық делегация Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға жұмыс сапарымен келді.
Қонақтар Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевпен кездесіп, университеттің 90 жылдық тарихымен, ғылыми жетістіктерімен танысты.
ҚазҰУ бүгінде Пәкістанның бес университетімен және бірқатар ғылыми институттарымен байланыс орнатқан. Солардың бірі – Химия ғылыми-зерттеу институты және Карачи университетінің Халықаралық химия және биология ғылымдары орталығы. Серіктес университеттердің ғалымдары биоорганикалық химия, фармакология, жоғары молекулалық қосылыстар химиясы саласында бірлескен зерттеулер жүргізді. Нәтижесінде Қазақстаннан 15 патент ресімделіп, халықаралық ғылыми журналдарда мақалалар жарияланды. Келіссөздер барысында тараптар өзара тиімді ынтымақтастықтың қажеттілігін және бұл әлемдік ғылыми қоғамдастыққа интеграция шекарасын кеңейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ жоғары білікті кадрларды даярлау мәселелері де қозғалды. Бүгінде ҚазҰУ-да 40 пәкістандық студент білім алуда.
Ынтымақтастыққа баса назар аудара отырып, Халықаралық Гуджранвала ғылым, өнер және технология институтының ректоры әрі Sialkot университетінің басқарма төрағасы Файсал Манзур мырза медицина, есептеу техникасы, IT, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар, менеджмент, жаратылыстану ғылымдары сияқты және т.б. салаларға маманданған университеттердің қызметі туралы баяндады. Мәселен, Sialkot университеті жеке жоғары оқу орны Сиалкот, Пенджаб (Пәкістан) елді мекенінде орналасқан. Университетте сегіз факультет жұмыс істейді және онда 10 мың студент білім алуда.
Кездесуде тараптар өзара пікір алмасып, алдағы жоспарларды пысықтап, ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі