Чехия ЖОО-ларымен байланыс артады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Чехияның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Павел Шепеляк бастаған делегациямен жүздесті.
Кездесуде тараптар серіктестікті дамыту перспективаларын талқылады, атап айтқанда, білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударды.
Делегация құрамында Чехияның құрметті консулы Ұзақбай Айтжанов, Масариков университеті Географиялық институтының директоры Петр Кубичек, Масариков университеті жаратылыстану факультеті деканының ғылыми-зерттеу және интернационалдандыру жөніндегі орынбасары Цирад Хофр, профессор Милан Конечный бар.
ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев құрметті қонақтарды оқу ордасының жетістіктерімен таныстырып, алдағы жоспарлар туралы ақпарат берді.
Өз сөзінде ректор Павел Шепелякқа бірқатар ұсынысын жеткізді. Атап айтқанда: Чехия университеттерімен бірге ғылыми жобаларды жүзеге асыру, көшбасшылық дәрістер оқу мақсатында профессорларды ҚазҰУ-ға шақыру және Чехияның көшбасшы ЖОО-ларымен байланыс орнату.
Өз кезегінде Чехияның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Павел Шепеляк ілтипат білдіргені үшін университет басшылығына ризашылығын білдіріп, аталған ұсыныстарды қолдайтынын және алдағы уақытта ҚазҰУ-мен тығыз байланыста жұмыс істейтінін айтты.
Тараптар аталған жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыруға уағдаласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі