Араб тілі мен мәдениеті залы ашылды

17 мамыр, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Шетелдіктерге араб тілін үйретудің заманауи тәсілдері» тақырыбында ғылыми семинар өтті.

 

Іс-шара білім ордасының 90 жылдығы мен шығыстану факультетінде алғаш құрылған арабтану бөлімінің 40 жылдығы аясында ұйымдастырылды.

 

Мақсаты – араб тілін оқытудың заманауи тәсілдері мен әдістерін зерделеу, олардың тиімділігін анықтау.

Ғылыми семинарға БАӘ араб тілі академиясының бас хатшысы Мұхаммед Сафи әл-Мустағаними, Халықаралық мәдени дипломатия институтының төрағасы Мұхаммед Камил әл-Мұғайни, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры Мұхаммед аш-Шаххат әл-Жинди, Араб тілі академиясының атқарушы директоры Мұхаммед Абду Рахман, шетелдік және отандық ғалымдар, араб тілінің мамандары, оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер қатысты.

 Семинар барысында Араб тілі мен мәдениеті залының салтанатты ашылуы өтті. Болашақта мұнда араб мәдениетін, тарихын зерттеу, дәріс оқу, араб тіліндегі еңбектерді аудару, өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ араб тілін заманауи тәсілдермен үйрету бойынша арнайы сабақтар өтетін болады.

Тағылымды шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев  құттықтау сөзбен ашты.

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Біріккен Араб Әмірліктеріндегі бес жоғары оқу орнымен, ғылыми орталықтарымен тығыз байланыста. Университеттің шығыстану факультетінде арабтану бөлімі табысты жұмыс істейді. Бүгін жаңадан ашылып жатқан Араб тілі мен мәдениеті залы – біздің әріптестік байланыстарымыздың жемісті нәтижесі. Залдың жабдықталуы Шарджа Әмірлігінің билеушісі Сұлтан әл-Қасими мырзаның тікелей қолдауымен іске асырылғанын ерекше атап өтуіміз керек. Залдың ашылуына Мұхаммед Камил әл-Мұғайни және Мұхаммед Сафи әл-Мустағаними елеулі үлес қосты. Зал заманауи техникалармен, мультимедиялық құралдармен жабдықталған. Қажетті оқулықтармен, тіл үйренуге ыңғайлы бағдарламалармен қамтамасыз етілген», – деді ректор.

Өз кезегінде сөз сөйлеген Араб тілі академиясының бас хатшысы Мұхаммед Сафи әл-Мустағаними қазақстандық жастардың араб тілін үйренуге деген құлшынысы жыл сайын артып келе жатқанына тоқталды.

Қатысушылар шетелдіктерге араб тілін  үйрету мәселесін жан-жақты  талқылады. Атап айтқанда: оқытудың дәстүрлі және заманауи әдістеріне салыстырмалы талдау жүргізді, шет тілдерін оқыту әдістемелерін қарастырды, лексика-грамматикалық ерекшеліктерін зерделеді.

Ғылыми семинар соңында арабтану бөлімінің студенттері арасында ғылыми-зияткерлік байқау өткізілді. Жеңімпаздарға алғыс хаттар мен арнайы сертификаттар табысталды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі