ҚазҰУ-ға ҚХР мемлекеттік кеңесінің вице-премьері жұмыс сапарымен келді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Қытай Халық Республикасы мемлекеттік кеңесі премьерінің орынбасары Лю Гочжун жұмыс сапарымен келді.
Сапар аясында ҚазҰУ-да «5G/5.5G коммуникациялық технологиялар» зертханасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл орталық Қазақстанда телекоммуникация саласындағы жаңа технологияларға қол жеткізуге арналған.
Зертхананың ашылу рәсіміне ҚХР-дың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, ҚХР мемлекеттік кеңесінің кеңсе басшысының орынбасары Го Вэй, ҚХР үкіметінің Еуразия істері жөніндегі арнайы өкілі Ли Хуэй, ҚХР ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Чжан Синван, ҚХР коммерция министрінің орынбасары Ли Фей, оқу ордасының ғалымдары мен оқытушы-профессорлар құрамы, студенттер қатысты.
Жаңа ғылыми зертхана телекоммуникациялық байланыс жүйелерінің мамандарын даярлауға, жаңа технологияларды меңгеріп, интернет жылдамдығын жетілдіруге, 6G желісін енгізуге мүмкіндік береді. Болашақта орталық зерттеу жұмыстарын бақылап қана қоймай, жоғары технологиялық байланыс құрылғыларының өндірісіне, оларды құрастыруға және іске қосуға да қатыса алатын алаңға айналады.
Шарада ҚХР мемлекеттік кеңесі премьерінің орынбасары Лю Гочжун жаңадан ашылған зертхана телекоммуникация саласына білікті мамандарды даярлауға үлкен септігін тигізетінін атап өтті.
«Бұл зертхананың ҚазҰУ базасында ашылуы Қазақстан мен Қытай тарапы үшін айтулы оқиға деп санаймын. Қазіргі таңда коммуникация саласы әлем бойынша қарқынды даму үстінде. Бұл жаңаша өзгерістерден қалыс қалуға болмайды. Сондықтан аталған салада мамандарды даярлауға, интернет желісін дамытуда осындай орталықтардың көп болуы маңызды», – деді ҚХР мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Лю Гочжун.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев делегация мүшелеріне өткен жылы ҚазҰУ-да ашылған Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалы туралы ақпарат беріп, қызметімен таныстырды.
«5G/5.5G коммуникациялық технологиялар» зертханасы Қытайдың Қазақстанда тұңғыш ашылған филиалында жүзеге асып отыр. Қытай – еліміз үшін біздің сенімді серіктестеріміздің бірі. Осы тұрғыда ҚазҰУ Қытай ЖОО-ларымен ғылым және жоғары білім бойынша тығыз қарым-қатынаста. Бүгінгі ашылған ғылыми зертхана екі мемлекеттің жоғары оқу орындары үшін алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істеуге және ынтымақтастықты одан әрі арттыруға мол септігін тигізеді деп санаймын», – деді ректор.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен ҚХР Солтүстік-батыс политехникалық университеті бірлесіп ашқан зертханаға Huawei компаниясы демеушілік көрсетті. Зертхана ҚазҰУ базасындағы Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалында орналасқан.
Сондай-ақ ҚазҰУ-ға жұмыс сапары барысында Қытай Халық Республикасы мемлекеттік кеңесі премьерінің орынбасары Лю Гочжун Қытай – Қазақстан бірлескен қашықтықтан зондтау технологиясы және қолдану зертханасының және Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығының жұмысымен танысып, ғалымдармен әңгімелесті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі