Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дың Шығыстану факультетінде «Араб тілі мен мәдениеті залы» бой көтерді

20 мамыр, 2024

2024 жылдың 17-мамыры күні сағат 10.00 де әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінде Біріккен Араб Әмірліктері Шаржа Әмірлігінің билеушісі Сұлтан әл-Қасимидің демеушілігімен қаржыландырылған «Араб тілі мен мәдениеті залының» салтанатты  ашылуы өтті.

БАӘ Шаржа «Араб тілі академиясы» мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті арасындағы екіжақты меморандум аясында заманауи үлгідегі техникалық құралдармен, жиһаздармен және оқу құралдарымен жабдықталған залдың салтанатты ашылуына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Түймебаев Жансейіт Қансейітұлы, Біріккен Араб Әмірліктері Шаржа «Араб тілі академиясының» Бас хатшысы Мұхаммед Сафи әл-Мустағаними, БАӘ Дубай «Мәдени дипломатия істері бойынша халықаралық институттың»  төрағасы Мұхаммед Камил әл-Мұғайни, аталған академиясының атқарушы директоры Мухаммед Абду Рахман, Қауіпсіздік мәжілісінің мүшесі Ахмад әл-Жаруан сынды арнайы делегация мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті арабтану орталығының директоры Еркінбек Шоқай, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы арабтану бөлімі мен Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің оқытушы-профессорлар құрамы қатысты.

Биыл 90 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Түймебаев Жансейіт Қансейітұлы өзі басқарып отырған ұлттық университет ұжымы атынан және өзінің атынан «Араб тілі мен мәдениеті залының» салтанатты ашылуымен құттықтап, залдың ашылуына демеушілік жасаған БАӘ Шаржа Әмірлігінің билеушісі Сұлтан әл-Қасимиге, «Араб тілі академиясының» Бас хатшысы Мұхаммед Сафи әл-Мустағаними мен БАӘ Дубай «Мәдени дипломатия істері бойынша халықаралық институттың» төрағасы Мұхаммед Камил әл-Мұғайни мырзаға арнайы алғыс хат пен сый-сыяпат табыстады.

Академияның Бас хатшысы Мұхаммед Сафи әл-Мустағаними өз кезегінде ҚазҰУ ректоры Түймебаев Жансейіт Қансейітұлына университет қабырғасынан «Араб тілі мен мәдениеті залын» ашуға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіріп, Шаржа Әмірлігінің билеушісі Сұлтан әл-Қасимидің аранйы алғыс хаты мен бірқатар құнды еңбектерін сыйға тарту етті.

Алдағы уақытта бұл залдың базасында араб мәдениетін, тарихын зерттеу, дәріс оқу, араб тіліндегі еңбектерді аудару, өңдеу және араб тілін заманауи тәсілдермен үйрету жұмыстары жүргізіліп, ортағасырлық көне қазақ даласынан шығып, еңбектерін араб тілінде жазып қалдырған түркі текті ойшыл-ғұламалардың жазба мұрасы жаңа қырынан зерттеліп, жаңа ғылыми талдаулар жасауға жол ашатын орталыққа айналатын болады.

Залдың ашылуы аясында арабтану бөлімі студенттері арасында «Араб тілі академиясы» мен «Мәдени дипломатия істері бойынша халықаралық институт» басшылықтарының әділ-қазылығымен ғылыми-интеллектуалдық сайыс ұйымдастырылды. Шығыстану факультетінің араб бөлімінде білім алып жатқан студенттер араб тілінде түрлі интеллектуалдық, викториналық сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін ортаға салды. Сонымен қоса, ортағасырлық араб ақындарының классикалық өлеңдерінен шумақтар оқып, араб тілінде ән салып, білімдерімен қатар, өнерлерімен де келушілерді тәнті етті.

Сайыс соңында «Араб тілі академиясының» Бас хатшысы Мұхаммед Сафи әл-Мустағаними академияның атынан арабтану бөлімінің студенттеріне қаржылай марапат табыстады.

 Ашылу салтанатының соңы «Шетелдіктерге араб тілін үйретудің заманауи тәсілдері» атты ғылыми семинарға ұласты.


Хаван А.

Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы