Ректор Түркі университеттері одағының VІІ отырысына қатысты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Әзірбайжанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымы Түркі университеттері одағының VІІ бас ассамблея отырысына қатысты.
Бас ассамблеяға Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев, Халықаралық түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және Мажарстан университеттерінің ректорлары, проректорлар, жоғары лауазымды тұлғалар, түркітанушы ғалымдар қатысты.
Шараның мақсаты – түркітілдес мемлекеттердегі жоғары білім және ғылым саласы бойынша түйткілді мәселелерді ортақтасып шешу және ынтымақтастықты арттыру, кадрларды даярлауда бірлесіп жұмыс істеу, сондай-ақ ғылыми бағытта серіктестікті күшейту.
VІІ ассамблея отырысын Әзірбайжан мемлекеттік экономикалық университетінің ректоры, профессор Адалят Мурадов құттықтау сөзбен ашып, түркітілдес мемлекеттері ЖОО-лары арасында берік байланыс орнағанын тілге тиек етті. Өз сөзінде ректор түркі дүниесінің білім мен ғылым саласындағы абырой-беделі асқақтай беруіне тілектес екенін айтты.
Жиында Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев баяндама жасап, түркі елдері университеттері арасында академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша студенттер алмасу жұмысын жандандыру қажет екенін жеткізді. Бұл жұмыстар білім алушы жастар арасында түркі мемлекеттерінің мәдениетін, өркениетін, тарихын, тілін меңгеруге жол ашатынын баса айтты.
Сонымен қатар отырыста Халықаралық түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, ЖОО басшылары сөз сөйлеп, аталған бастамалар бойынша университетте атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды. Түркі халықтарының ортақ тарихы мәселелерін сөз етіп, өзара ықпалдастықтың жаңа бағыттарын дамытуға уағдаласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың түркі мемлекеттері ЖОО-ларымен байланысы күн санап артып келеді. Бүгінде оқу ордасының филиалы Қырғызстанның Бішкек қаласында және Түркияның Ыстамбұл қаласында ашылды. ҚазҰУ базасында ТҮРКСОЙ кафедрасы табысты жұмыс істейді. Сондай-ақ университетте Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институты ашылып, сирек кездесетін қолжазбалар мен көне кітаптарды кеңінен зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі