- Басты бет
- Жаңалықтар
- Университетте Қазақстан-Қытай энергосыйымды нанотехнологиялар бойынша зертхана ашылды
Университетте Қазақстан-Қытай энергосыйымды нанотехнологиялар бойынша зертхана ашылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен ҚХР Нанкин ғылым және технология университетінің өкілдері ынтымақтастық туралы бірқатар ресми шарттарға қол қойды, олардың шеңберінде Энергосыйымды нанотехнологиялар жөніндегі бірлескен халықаралық Қазақстан-Қытай ғылыми зертханасының салтанатты ашылуы өтті.
Салтанатты рәсімде Басқарма мүшесі – операциялық қызмет жөніндегі проректор Еркін Дүйсенов сөз сөйледі. Проректор Нанкин ғылым және технология университетінің ректоры Фу Мэньин мырза бастаған ҚХР делегациясын қарсы ала отырып, Нанкин ғылым және технология университеті өткен жылдың қыркүйегінде 70 жылдық мерейтойын атап өткенін айтты.
«Біздің университетіміз 90 жылдық мерейтойын мақтанышпен атап өтуде және бүгінде сіздердің университет қабырғасында болуыңыз оның тарихи даму тізбегінің маңызды буынына айналып отыр. Бұл кездесу Қазақстан Республикасының ғылыми әлеуетін нығайтуға және университет, бизнес пен ғылыми қауымдастық арасындағы серіктестікті дамытуға бағытталған. Бізді Қытай университеттерімен өте берік қарым-қатынас байланыстырады. «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясында біз қытайлық жоғары оқу орындарымен бірлесіп ғылыми-зерттеу жобаларын іске асырып отырмыз. Біздің ынтымақтастығымыз Шанхай ынтымақтастық ұйымының шарты болып табылатын негізгі құқықтық құжатқа негізделген», – деді проректор Еркін Дүйсенов.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Нанкин ғылым және технология университеті арасындағы ынтымақтастық тарихы сегіз жылдан астам уақытты қамтиды. Осы ынтымақтастық аясында бірлескен ғылыми жұмыстар талқыланып, магистранттар мен докторанттарды дайындау үшін оқу бағдарламалары келісілді. Студенттер мен оқытушы-профессорлар құрамының академиялық ұтқырлығы жүзеге асырылды, атап айтқанда: осы уақыт аралығында Нанкин ғылым және технология университетінде 10 магистрант, бес докторант және бес оқытушы тағылымдамадан өтті.
Екі университеттің оқытушылары мен профессорлары Қазақстан мен ҚХР университеттеріне бірнеше рет барып, конференцияларға қатысты. ҚазҰУ өкілдері атап өткендей, бірлескен зертхана ашудың мақсаты – Қазақстанның, Қытайдың және басқа да елдердің мемлекеттік және жеке нарықтарында жоғары тиімді іргелі және қолданбалы зерттеулерді жүзеге асыру.
Өз кезегінде Нанкин ғылым және технология университетінің ректоры Фу Мэньин мырза сөз сөйлеп, ҚазҰУ ұжымын 90 жылдық мерейтойымен құттықтап, екі ЖОО ғалымдарының ынтымақтастығы ғылыми-техникалық мәселелерді шешуге ықпал етіп, инновациялық кәсіпорындар мен университеттерді біріктіру үшін перспективалардың ашылатынына сенім білдірді. Ол сонымен қатар Нанкин университетінің тарихы мен қызметі туралы айтты.
Кездесу барысында тараптар қол қойылған ресми құжаттар шеңберінде бірлескен зертхана ашу және магистранттарды қосдипломдық бағдарлама бойынша даярлау туралы келісімдерді және өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту жөніндегі қызметтің мақсаттары мен мәнін талқылады.
Әл-Фараби атындағы Баспасөз қызметі