Хазар университетімен байланыс артуда
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Әзірбайжан Республикасына жұмыс сапары аясында Хазар университетіне арнайы барды.
Сапар барысында ҚазҰУ басшысы жоғары оқу орнын аралап, ғылыми инфрақұрылымымен танысты. Сондай-ақ Хазар университетінің негізін қалаушы Гамлет Исаханлымен кездесу өткізді.
Тараптар серіктестікті нығайтуға, білім мен ғылым саласындағы байланыстарды тереңдетуге баса мән бере отырып, екі университет арасындағы қарым-қатынастың қазіргі жай-күйі мен даму перспективасын жан-жақты талқылады.
Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ мен Хазар университетінің тығыз байланыстары бүгінде екі жоғары оқу орны арасындағы ынтымақтастықтың тереңдей түсуіне негіз болғанын атап өтті.
«ҚазҰУ мен Хазар университеті арасында мәдени, білім және ғылым бағытында серіктестікті дамыту жұмыстарын жандандыру қажет деп санаймын. Сонымен қатар бакалавриат және докторантурада қосдипломды білім беру бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстарын дамытсақ, екі университет үшін үлкен мүмкіндік пен жақсы бастама болары анық», – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Өз кезегінде Гамлет Исаханлы ҚазҰУ ректорының Хазар университетіне сапарының мәні зор екенін атап өтіп, бүгінгі кездесу екі ЖОО-ның көпжақты қарым-қатынасын нығайтуға серпін беретініне назар аударды.
Кездесу соңында тараптар алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалар мен бастамаларды талқылап, естелік сыйлықтармен алмасты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі