ҚазҰУ қызметкерлері мен студенттері Қытайда тағылымдамадан өтеді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушылары мен студенттері тағылымдамадан өту үшін Қытайдың Сиань Цзяотун университетіне барады.
Бұл туралы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың Сиань Цзяотун университетінің вице-президенті Хунг Джунмен кездесуі барысында келісілді.
Оқу ордасының 10 студенті мен 5 қызметкері жуырда Сиань Цзяотун университетіне аттанады. Бір апта көлемінде болатын сапар барысында ҚазҰУ-лықтар Қытайдағы алдыңғы қатардағы жоғары оқу орынның бірі Сиань Цзяотун университетін толық аралап, ғылыми инфрақұрылымымен танысады. Сонымен қатар ғалым-профессорлармен кездесіп, тәжірибе алмасады.
Сондай-ақ Сиань Цзяотун университеті ҚазҰУ-дың 10 докторанты мен магистранттары үшін үш және алты айлық тағылымдамадан өту курстарын ұсынуда. Қытай ЖОО тарапынан білім алушы жастар үшін 1000 юань көлемінде арнайы стипендия тағайындалады.
Аталған жолдамалар арқылы баратын студенттер мен оқытушылардың жолақысы ҚазҰУ тарапынан төленсе, тұру ақысын Сиань Цзяотун университеті қамтамасыз етеді.
Айта кетейік, 1896 жылы негізі қаланған Сиань Цзяотун университетінде бүгінде 45 мыңнан астам студентке 3 мыңнан астам оқытушы дәріс береді. Оқу ордасы 300-ден астам университетпен, ғылыми-зерттеу институттарымен ынтымақтастық орнатқан. Университет QS WUR әлемдік рейтингінде Топ-300 ЖОО қатарында.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі