Ақпараттық жүйелер және киберқауіпсіздік мәселелері талқыланды

23 мамыр, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да университеттің 90 жылдығына және Ақпараттық жүйелер кафедрасының 50 жылдығына арналған «Ақпараттық жүйелер және киберқауіпсіздік» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференция жұмысына Қазақстан мен Еуропа елдерінің ғалымдары, ҚазҰУ түлектері мен докторанттары қатысты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Жәмила Айтжанова құттықтау сөз сөйлеп, ақпараттық жүйелер және киберқауіпсіздікті дамытудың маңызына тоқталды.

Шахмардан Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің президенті, ректор Берік Ахметов, «Бағалы қағаздар орталық депозитарийі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары  Михаил Гришко, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті компьютерлік технологиялар және киберқауіпсіздік факультетінің деканы Нұргүл Сейілова және бақса да ғалымдар сөз сөйлеп, ақпараттық жүйелер мен киберқауіпсіздік саласында мамандар даярлаудың бүгінгі уақыттағы өзектілігін атап өтті.

Пленарлық отырыста ҚР ҰҒА құрметті академигі Уәлшер Төкеев, Ыстамбұл техникалық университетінің профессоры  Эшреф Адали, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі Бақытжан Ахметов,  Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті Киберқауіпсіздік кафедрасының меңгерушісі Сәуле Аманжолова, сонымен қатар қазақстандық және шетелдік ғалымдар, білікті сарапшылар пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті.

Конференция жұмысы «Киберқауіпсіздік», «Есептеу лингвистикасындағы және табиғи тілді өңдеудегі инновациялар», «Ақпараттық жүйелердегі IT-менеджмент және инновациялар» секцияларында жалғасты.

Секцияларда ақпараттық жүйелер және киберқауіпсіздік салаларындағы ғылыми жаңалықтардың теориялық, практикалық және қолданбалы сипатындағы баяндамалар тыңдалды.

Ғылыми басқосуларда елімізде  информатика мен ақпараттық технологиялар саласын дамыту, киберқауіпсіздік мамандарын даярлау, саладағы ғылыми-зерттеу, талдау жұмыстарын жетілдіру мәселелері талқыланды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі