Ректор Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сингапурдағы дәрісіне қатысты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сингапурдағы «Қазақстан және орта державалардың рөлі: қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды ілгерілету» тақырыбындағы дәрісіне қатысты.
Мемлекеттік сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев 46-шы Сингапур лекциясын оқыды, - деп хабарлайды Аkorda.kz сайты.
Президент жаһандық қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз ету ісіндегі орта державалардың атқаратын рөлі туралы ой-пікірімен бөлісті.
1980 жылдардан бері Юсоф Исхак институты (ISEAS) ұйымдастырып келе жатқан Сингапур лекциялары – академиялық топтар, саясаткерлер, дипломаттар мен жас ғалымдар үшін мемлекет басшылары мен әлемдік деңгейдегі көрнекті саясаткерлердің ұстанымдарын тікелей тыңдауға мүмкіндік беретін алаң.
Қасым-Жомарт Тоқаев шараға қатысушыларға ілтипат білдіре отырып, өзінің өмір жолында Сингапурдың айрықша мәні бар екенін атап өтті.
«Мен көп жыл бұрын осы елде жас дипломат ретінде қызмет еттім. Осынау асқақ рухты мемлекеттің тамаша табыс жолынан жаңылмай келе жатқанын өз көзіммен көру үшін Сингапурға тағы да келгеніме қуаныштымын. Елдің негізін қалаушы Ли Куан Юдің көреген көшбасшылығымен жүргізілген Сингапурдағы әйгілі экономикалық өзгерістер шын мәнінде мемлекеттің іргесін нығайтудың және экономикалық өсімге қол жеткізудің жарқын үлгісіне айналды. Сіздердің еліңіз Қазақстанды даму мен өркендеу бағытында өзіндік жол таңдауға жігерлендіреді. Расында, Сингапурда өткізген жылдарымда табандылық пен жаңашылдықты үйрендім. Бұл қасиеттер қазіргідей құбылмалы әлемде Қазақстанның келешегі туралы пайымымның қалыптасуына әсер етті», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда инвестициялық саясат және экономиканы әртараптандыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде айтты. Оның пікірінше, географиялық алшақтыққа, жер көлемі мен тарихындағы айырмашылықтарға қарамастан, Қазақстан мен Сингапурдың көптеген құндылықтары ортақ әрі ұқсас сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Сингапур көптеген салада өзара тиімді ықпалдастық жасай алады деп санайды. Климаттың өзгеруімен күрес, су ресурстарын басқару және жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету әрекеттері осы санатқа жатады.
«Қазақстанның Алматыда Орталық Азия елдерінің климат және жасыл энергетика мәселелері жөніндегі жобалық кеңсесін ашу бастамасы бұл мәселелерді шешуде елеулі рөл атқара алар еді. Біз сондай-ақ 2026 жылы БҰҰ аясында Өңірлік климат саммитін өткізуді жоспарлап отырмыз. Климат дағдарысына себепші болатын да, алдымен оның зардабын тартатын да – су саласы. Әлемде 2 миллиардтан астам адамның таза ауызсуға қолы жетпей отыр. Осы ретте мен Су экономикасы жөніндегі жаһандық комиссияның тең төрағасы ретінде көшбасшылық танытқаны үшін Президент Тарман Шанмугаратнамға ризашылығымды білдіремін. Ол биылғы БҰҰ конференциясы шеңберінде Қазақстан мен Франция ұйымдастыратын One Water Summit жиынына елеулі үлес қосатынына сенімдімін», – деді Президент.
Мемлекет басшысы дәрісін қорытындылай келе, өзара сыйластық пен ортақ мақсаттарға негізделген әріптестік қатынастарды нығайтуға және баршаға ортақ бейбіт әрі жарқын болашақ құру жолында күш біріктіруге шақырды.
Дәрістен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев геосаяси қақтығыстарды реттеу, халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, орта державалардың рөлі, Қазақстан мен Сингапурдың ынтымақтастығын дамыту перспективасы туралы бірқатар сұраққа жауап берді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі