ҚазҰУ Экономика және бизнес жоғары мектебінің түлектері кездесті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Экономика және бизнес жоғары мектебі Түлектер күнін өткізді. Салтанатты жиынды Экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы Лейла Бимендиева құттықтау сөзбен ашып, университетпен үздіксіз байланысы үшін түлектерге алғыс білдірді.
Кездесуде түлектер мен қонақтар Gaudeamus студенттердің халықаралық әнұранын бірге орындады.
Түлектер қауымдастығы кеңесінің отырысында 1989 жылғы экономика факультетінің түлегі Гүлмира Есенгелдиева және 1994 жылғы экономика факультетінің түлегі Ілияс Кулиев сөз сөйлеп, университет ұжымына ізгі тілегін арнады.
Меруерт Дәрібаева, Мәдина Шарапиева, Ақбота Ақзамбекқызы, Дана Көбентаева, Зерде Бекболатова, Мөлдір Бекенова, Нұрсұлтан Шуренов, Жандос Нұрхалықов, Жанетта Кенжебай, Айманкүл Ережепова, Бикен Нұрманова, Айман Исаева, Жанна Қалымбекова және т.б. түлектер студенттік жылдар туралы естеліктер айтып, тәжірибелерімен бөлісті.
Бизнес-технология кафедрасының атынан Маңғыстау облысындағы «Талап» білім беру орталығының директоры А.С.Мигатова бейнеқұттықтауын жолдады.
Дәстүр бойынша үздік студенттерге атаулы стипендиялар мен әр жылдардағы түлектердің атынан материалдық көмек көрсетілді. Университеттің ғылыми жобаларын қолдау мақсатында 30 студентке арнайы стипендия берілді.
Бизнес-технология кафедрасы мұқтаж студенттерге жалпы сомасы 1 млн теңгені құрайтын «Экономика ғылымының докторы, профессор С.Н.Нысанбаев шәкіртақысын» табыстады.
Кездесу соңында ЭБЖМ деканы Лейла Бимендиева түлектер базасын кеңейту, байланыстарды дамыту, шеберлік сыныптары мен көшбасшылық дәрістерді жалғастыру, студенттерге түрлі беделді конкурстарға қатысуға жәрдемдесу, академиялық ұтқырлықты арттыру, нетворкингті дамыту мәселелеріне қатысты нақты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Кездесуде Экономика және бизнес жоғары мектебінің әр жылдардағы түлектері – мемлекет және қоғам қайраткерлері, білікті ғалымдар мен табысты кәсіпкерлер бас қосты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі