Ректор ҚазҰУ стадионын жаңарту барысымен танысты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев күрделі жөндеуден өткен қалашықтағы стадионға барып, жай-күйімен танысты. ЖОО басшысы спортшылардың киім ауыстыратын бөлмелерін, жаттығу залдарын, душ кабиналарын аралап көрді.
Жөндеу жұмыстары барысында футбол алаңына жасанды газон төселіп, жүгіру жолағы жөнге келтірілді. 3000 орындық трибуна қайта салынып, жаңа үлгідегі жарық шамдары қойылды. Стадион түрлі спорттық жарыстармен қатар, бұқаралық іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді.
«Стадион аумағы толығымен абаттандырылып, спортшылар үшін барлық жағдай жасалды. Әкімшілік ғимараты күрделі жөндеу жұмыстарынан өтті. Киім ауыстыратын бөлмелер жаңартылып, су және электр желілері толық ауыстырылды. Бүгінгі таңда ҚазҰУ стадионы Қазақстандағы жақсы және ең жаңа стадиондардың бірі болып саналады. Барлығы заманауи стандарттарға сәйкес жасалды», – деді жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер мекеменің өкілдері.
Сонымен қатар алдағы уақытта мердігер мекеме тарапынан ҚазҰУ студенттері үшін қалашықта футбол алаңын салу жоспарлануда.
Аралау барысында ректор стадионды қайта жаңғырту бойынша атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Жансейіт Түймебаев жауапты мамандарға ҚазҰУ-дың 90 жылдығы мен стадионның салтанатты ашылуына орай, студенттер мен оқытушылар арасында жолдастық кездесу матчын ұйымдастыруды тапсырды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі