Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химия және химиялық технология факультеті университет пен факультеттің 90 жылдығына орай, дәстүрлі Химиктер күнін атап өтті.
Факультетте бұл күнді атап өту дәстүрін осыдан 63 жыл бұрын химия ғылымының докторы, профессор Алма Сармурзина қалыптастырған болатын. Химия саласы мамандарының мерекесі саналатын бұл атаулы күн университетте жыл сайын ұйымдастырылады.
Іс-шарада факультеттің әр жылғы түлектері, химия саласының белгілі ғалымдары, білікті мамандары мен оқытушы-профессорлар бас қосты.
Биылғы іс-шара Менделеев кестесіндегі 63-ші нөмірлі – еуропия элементіне арналды.
Химиктер бас қосқан шараны Басқарма мүшесі – операциялық қызмет жөніндегі проректор Еркін Дүйсенов құттықтау сөзбен ашып, ғылым мен өндірістің дамуына елеулі үлес қосып жүрген химия мамандарына ізгі тілегін білдірді.
Факультет деканы Алина Галеева құттықтау сөз сөйлеп, университет басшылығының қолдауымен факультетте жеті ғылыми-зерттеу зертхана ашылғанын атап өтті.
Физикалық химия, катализ және мұнайхимиясы кафедрасы ұйымдастырған Химиктер күні мазмұнды өтті.
Салтанатты шарада факультеттің 70 жыл бұрынғы түлегі Е.Бектұрова мен 60 жыл бұрынғы түлек, бүгінде Канадада тұратын Г.Кенжебаева бейнеқұттықтау жолдады.
Әр жылдың түлектері студенттік жылдардағы естеліктерімен бөлісіп, өздері білім алған факультетке арнайы сый-сияпаттарын тапсырды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі