ҚазҰУ мен Омбы мемлекеттік университеті әріптестікті дамытуда
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Ресей Федерациясына жұмыс сапары аясында Ф. М. Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің ректоры Сергей Замятинмен кездесті.
Әңгіме барысында тараптар екі жоғары оқу орны арасындағы ғылыми білім беру ынтымақтастығын одан әрі арттыру жұмыстарын талқылады. Атап айтқанда, басшылар Ф. М. Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің базасында ҚазҰУ филиалын ашу мәселесін қарастырды.
ОМУ басшылығы жоғары оқу орнына арнайы келген ҚазҰУ ректорына ризашылығын білдіріп, бұл сапар қос университет арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға және тереңдетуге септігін тигізетінін атап өтті.
«Екі ЖОО-ның байланысы өте жақсы дамып келеді. Сіздің сапарыңыз ынтымақтастықты одан әрі дамытуға үлес қосады деп санаймын. Біз ҚазҰУ-мен алдағы уақытта жоғары білім және ғылым саласында серіктестікті жандандыруға мүдделіміз», – деді Сергей Замятин.
Өз кезегінде Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-дың Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарымен, институттарымен, ұйымдарымен ғылым және жоғары білім саласындағы көпжылдық тәжірибесі бар екенін айтты.
«ҚазҰУ Ресей ЖОО-ларымен тығыз қарым-қатынаста. Мәселен, 2019-23 жылдар аралығында тоғыз ғылыми жоба іске асырылды. Қазіргі уақытта Ресей Федерациясының 140 жетекші жоғары оқу орындарымен, институттарымен, ұйымдарымен ынтымақтастық туралы 180 келісім бар. ҚазҰУ Ресей университеттерімен бірлесіп қосдипломдық 31 білім беру бағдарламасын жүзеге асырады. Қазіргі уақытта Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ресейлік 11 студент оқиды. 2022-24 жылдары біздің университетке Ресей жоғары оқу орындарынан 33 профессор шақырылды», – деді Жансейіт Түймебаев.
Кездесу соңында тараптар болашақта әріптестік байланыстарды дамытудың нақты жоспарын белгіледі. Сонымен қатар екі жоғары оқу орнының басшылары бірлескен іс-шараларды ұйымдастыруға қажетті көмек көрсетуге, ғылыми жобаларды іске асыруда тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға және академиялық ұтқырлықты арттыруға күш салуға келісті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі