Еуразиялық университеттер одағымен байланыс нығаяды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне «Іскерлік Еуразия» альянсы президентінің міндетін атқарушы, Ресейдегі Оңтүстік университетінің ректоры Имран Акперов бастаған Еуразиялық университеттер одағының (EURAS) делегациясы жұмыс сапарымен келді.
Делегация оқу ордасының қызметімен танысып, университет басшылығымен кездесу өткізді.
Жүздесу барысында тараптар екіжақты қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, серіктестікті одан әрі кешенді түрде нығайтуға өзара мүдделі екенін растады.
Құрметті қонақтар қатарында Түркиядағы Халықаралық ғылым және технологиялар университетінің ректоры Ердал Дурсун, Еуразиялық университеттер одағының бас хатшысы Музаффар Бачжа, Санкт-Петербор экономика және басқару технологиялары университетінің ректоры Олег Смешко, Өзбекстанның Бурса қаласындағы құрметті консулы, «Baktat» корпорациясының төрағасы Али Баклан, Еуропалық жоғары мектеп қауымдастығының жоба жетекшісі Сергей Тарасов бар.
Кездесуде Басқарма мүшесі – операциялық қызмет жөніндегі проректор Еркін Дүйсенов ҚазҰУ Еуразиялық университеттер одағына мүше ЖОО-лармен ынтымақтастықты дамытуға айрықша мән беретініне назар аударды.
Өз кезегінде Имран Акперов одақ жұмысы туралы ақпараттарымен бөлісіп, болашақта тығыз байланыс орнатуға әрқашан дайын екенін айтты.
Тараптар ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындап, білім және ғылым саласындағы ықпалдастықты жандандыруға уағдаласты.
Жүздесу соңында операциялық қызмет жөніндегі проректор Еркін Дүйсенов пен «Іскерлік Еуразия» альянсы президентінің м.а. Имран Акперов серіктестікті дамытуға бағытталған бірқатар құжаттарға қол қойды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі