ҚазҰУ студенттері Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінде болды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің студенттері Алматы облысы Талғар ауданы Жаңалық ауылындағы Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейіне барды.
Іс-шара Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында ұйымдастырылды. Экскурсия мұражай қызметкерлерінің дәрісімен толықтырылды. Студенттер музей қызметкерлерінің дәрістерін тыңдап, сирек қорлар мен экспозициялық залдарды аралап, музей қызметімен және қызметкерлердің ғылыми жұмыстарымен танысты.
Айта кету керек, өткен жылы «Археология» және «Тарих» мамандықтарының студенттері «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығымен бірлесіп «Алматы облысы Жаңалық ауылындағы саяси репрессия құрбандары қалдықтарының археологиялық верификациясы мен тарихи идентификациясы: пәнаралық зерттеулер» жобасын іске асырды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан қолдау тапқан жобаның жетекшісі – тарих факультетінің деканы Досбол Байғонақов.
Жоба аясында Қазақстанда тұңғыш рет қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың Бауырластар зираты зерттелді. Зерттеу барысында 100-ге жуық адамның сүйектері мен жүздеген артефактілер табылды. «Этнология және антропология», «Музей ісі және ескерткіштерді қорғау» мамандықтарының студенттері қайта жерлеу материалдарын дайындауға көмек көрсетті. Олар табылған заттардың тізімін жасауға, заттарды тазартуға, саяси қуғын-сүргін құрбандарының сүйектерін жерлеуге дайындауға қатысты, сот-медициналық сарапшылардың қорытындыларымен танысты.
Тарих факультеті 2018 жылдан бастап Жаңалық ауылындағы Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейімен белсенді түрде ынтымақтасып келеді, мұның өзі өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындату үшін де аса маңызды іс-шара болып саналады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі