Италия университеттерімен бизнес-білім бойынша байланыс орнады

31 мамыр, 2024

Әл-Фараби бизнес мектебінің делегациясы Италияға жұмыс сапары барысында Падуа университеті мен Luiss Guido Carli университетімен іскерлік байланыс орнатты.

Тараптар  ғылым мен бизнес-білім саласындағы ынтымақтастық пен  ортақ жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.

Италиядағы ең көне, жетекші ғылыми-зерттеу орталығы саналатын Падуа университеті әлемге әйгілі көптеген  ғалымдарды тәрбиелеген. Олардың қатарында Коперник, Галилей сияқты ғылымның бастауында тұрған тұлғалар бар.

Делегация студенттер мен оқытушылар алмасу бағдарламаларын, сондай-ақ қосдипломдық бағдарламаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылау үшін оқу орнының директоры Андреа Карачаусимен кездесті.

Luiss университеті – Италияның ең үздік университеттерінің бірі. Бұл білім ордасы EQUIS аккредиттелген бизнес мектептерінің үздік 1 пайызына кіреді. Римде орналасқан оқу орнында ҚазҰУ делегациясы итальяндық компаниялардағы магистранттар мен докторанттарға арналған тағылымдамалар мен қосдипломдық бағдарламаларды талқылады. Сондай-ақ делегация Luiss университеті кампусындағы оқу және зерттеу орталықтарымен танысты.

Кездесулер ҚазҰУ студенттері мен оқытушыларына жаңа мүмкіндіктер ашатын маңызды байланыстар орнатуға жол ашады.

Luiss және Падуа университеттерімен ынтымақтастық орнату Әл-Фараби бизнес мектебінің халықаралық байланыстарын нығайтады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі