ҚазҰУ-да балалар суреті байқауы өтті
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағы оқу орны қызметкерлерінің балалары арасында «Менің ата-анам ҚазҰУ-да жұмыс істейді» тақырыбында сурет байқауын өткізді.
«Парасат» кәсіподағының төрағасы Талғат Мекебаев: «Балалық шақ бәріміз үшін ең бақытты кезең. Кәсіподақ университет әкімшілігімен бірлесіп балаларға ерекше мерекелік іс-шара ұйымдастырды. Биыл университетімізге 90 жыл толып отыр. Мерейтойлық жыл балалар суреттерінде көрініс тапса дедік», – деп атап өтті. Байқауға университет қызметкерлерінің балалары мен немерелері қатысты.
Іс-шараның мақсаты – балалардың ата-аналарының жұмысына деген қызығушылығын ояту және оларды университеттің қызметімен жақынырақ таныстыру.
Байқауға үш топқа бөлінген 6 жасқа дейінгі және 7-10 жас, 11-15 жас аралығындағы балалар қатысты. Сурет, графика, акварель, кескіндеменің әртүрлі әдістерімен орындалған жұмыстарды қазылар алқасы саралады. Іріктеу барысында суреттер «Парасат» кәсіподағының Instagram парақшасында жарияланды. Желі қолданушылар үздік суреттерге дауыс берді.
Қазылар алқасы байқау жұмыстарын қарап, балалардың қаншалықты дарынды екеніне тағы да көз жеткізді. Балалар суреттерінде ҚазҰУ-дың көрікті жерлерін бейнелеп, ата-аналары мен ата-әжелерінің университеттегі жұмыс орнын, аудиториялардағы суреттерін салды.
Алты жасқа дейінгі топта 1-орынды Бекболат Зере, 2-орынды Қайырбекқызы Нұрай, 3-орынды Ақзам Мәриям және Жақсыбекова Нұрсұлу иеленді.
7-10 жас тобында 1-орынды Ұланқызы Айғаным, 2-орынды Кенжебек Аймира, 3-орынды Қабанбай Алтынай мен Әбдірашитқызы Аяна иеленді.
Үлкен топта 1-орынды Ермаш Дияра, 2-орынды Жеңіс Қаракөз және Қылышбай Хафиз, 3-орынды Әбдихан Айкен мен Сокол Мария бөлісті.
«Парасат» кәсіподағы байқаудан үздік шыққан барлық суретші балаларға арнайы сый-сияпат жасап, марапаттады.
Мереке ата-аналар мен балаларға ерекше қуаныш сыйлады.
Ольга Ложникова,
ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағы
төрағасының орынбасары