Министр Гарвард профессорымен бірге ҚазҰУ кітапханасын аралады

1 маусым, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне жұмыс сапары аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Гарвард университетінің профессоры, эксперт-ғалым Марк Эллиот сирек кітаптар мен қолжазба қоры қызметімен танысты.

 

Әл-Фараби атындағы кітапхананың сирек басылымдар мен қолжазбалар қорында  XVII-XIX ғасырда жарық көрген 14350 дана сирек кітап сақталған.  13 тілде жарық көрген кітаптар математика, физика, химия, биология, география, тарих, тіл білімі, әдебиет, құқық және экономика салаларын қамтиды. Латын, неміс, француз, ағылшын, араб, шағатай, парсы, қытай тілдеріндегі басылымдар  көне ғасырлардан бүгінгі дәуір аралығын қамтиды. Бұл еңбектердің арасында Орта Азия ғана емес, ерте кездерде дүниежүзінде жарық көрген құнды кітаптардың үлгілері бар. Шығыстанушы, лингвист, тарихшы ғалымдардан құрылған жұмыс тобы арнайы сараптама жасап, сұрыптап, тақырыптық бағыттарына байланысты салаларға бөліп, нақты зерттеулер жүргізу үстінде.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ҚазҰУ ғалымдарының ғылыми-зерттеу жұмыстарына оң баға беріп, Гарвард университетінің профессоры, эксперт-ғалым Марк Эллиоттың зерттеу еңбегіне тоқталды. Сондай-ақ сарапшының сирек кітаптар мен қолжазбаларға ерекше қызығатынына тоқталды.

Әл-Фараби кітапханасындағы бірегей коллекция Қазақстандағы университет кітапханалары ішіндегі ең ірілерінің бірі және оқу ордасының барлық ғылыми-зерттеу бағыттары бойынша сұранысқа ие екенін атап өткен жөн. Сирек қор кітаптары электрондық каталогта көрініс тауып, құнды басылымдармен үнемі толықтырылып отырады.

Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ-дың Баспасөз қызметі