Ректор шетелдік тіл мамандарымен кездесті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев шетелден келген тіл мамандарымен кездесті.
Құрметті қонақтар қатарында Түркия профессоры, PhD Өлмез Мехмет, Ресей профессоры, филология ғылымының докторы Яна Волкова, ф.ғ.д., профессор Людмила Караванова және өзге де ғалымдар бар.
Жүздесуде тараптар түркологияның өзекті мәселелерін талқылап, парсы, араб, түркі тілдері бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде пікір алмасты.
ЖОО ректоры Жансейіт Түймебаев делегация мүшелеріне жуырда Ресейдің Омбы қаласында ҚазҰУ филиалы ашылатынын жеткізді.
«Ресейде алғаш рет Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы ашылады. Бұл екі мемлекет үшін өте маңызды оқиға. Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің базасында ашылатын филиалда тіл мамандарын даярлайтын білім беру бағдарламасы оқытылады. Университетте Абай ҒЗИ мен Алтайтану және түркітану институты жұмыс істейді. Сондай-ақ сирек кітаптар мен қолжазба қоры бар. Ғалымдар онда сирек кездесетін қолжазбалар мен көне кітаптарды кеңінен зерттеу жұмыстарын жүргізеді», – деді ректор.
Өз кезегінде профессор Яна Волкова ілтипат білдіргені үшін ҚазҰУ басшылығы мен ұжымына ризашылығын жеткізді.
«ҚазҰУ-ға алғаш келуім. Өте керемет әсер қалдырды. Білім мен ғылымды қатар алып жүрген Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен болашақта серіктестікті арттыруға бар күш-жігерімізді саламыз», – деді Яна Волкова.
Кездесу соңында қатысушылар алдағы уақытта тіл саласына қатысты ауқымды конференциялар мен кездесулер өткізуге, бірлесіп ғылыми мақалалар дайындауға уағдаласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі