4 МАУСЫМ – МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
Құрметті Әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары,
білім алушы жастары!
Сіздерді 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Елтаңба, Ту, Әнұран – Тәуелсіздігіміздің басты құндылығы, мемлекеттілігіміздің айшықты нышаны. Берекелі қоғам мен адал азаматтардың бейбіт өмірінің кепілі, еліміздің тұрақты дамуы мен халықаралық аренадағы беделінің шынайы көрінісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде:
«Мемлекеттік рәміздерде бүкіл Қазақстан халқын біріктіретін, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайтатын құдыретті күш бар. Көк байрағымыз, Елтаңбамыз және Әнұранымыз – мемлекетіміздің мәртебесі, халқымыздың ар-намысы. Олар алға қарай нық қадам басып, биік мақсаттарға қол жеткізу жолында күш-жігер береді», – деп атап өткен болатын.
Рәміздерді құрметтеп, мақтан тұту әрбір азамат үшін қасиетті борыш.
Мемлекеттік нышанымыз тағылымды тарихымызды әйгілеп, өткенімізді айшықтап, ертеңгі мақсатымызды айқындап тұр.
Сондықтан да, бұл күн – барша қазақстандықтар үшін патриоттық сезім мен Отанға деген құрметтің мерекесі.
Тәуелсіздігіміздің алтын күмбезі саналатын мемлекеттік рәміздеріміздің мәртебесі арта берсін!
Шаңырақтарыңызға құт-береке, еңбектеріңізге табыс, жақындарыңызға амандық тілеймін.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ