Қытай педагогикалық университетінің делегациясы ҚазҰУ-ға келді
Шығыс Қытай педагогикалық университетінің делегациясы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға сапары аясында операциялық қызмет жөніндегі проректор Еркін Дүйсеновпен және факультет декандарымен кездесті. Проректор делегацияны қабылдай отырып, ҚазҰУ көрші мемлекеттермен ынтымақтастық мәселелеріне көп көңіл бөлетінін және ғылым мен білім саласындағы жаңа ынтымақтастыққа әрдайым дайын екенін атап өтті.
Қазіргі уақытта ҚазҰУ Қытайдың 57 жоғары оқу орнымен ынтымақтасып отыр. Қытай профессорлары университетке жиі келіп, үнемі дәріс оқиды. Өткен жылы ҚазҰУ-да Солтүстік-батыс политехникалық университетінің (ҚХР) филиалы ашылды. Биыл 27 наурызда ҚазҰУ Шыңжаң экология және география институтымен бірлесіп география және табиғатты пайдалану факультетінде қашықтықтан зондтау технологиялары және оларды қолдану бойынша бірлескен зертхана (Sino-Kazakhstan Joint Laboratory for Remote Sensing Technology and Application) ашты. Бүгінгі таңда ҚазҰУ-да 558 қытайлық студент оқиды. Оқу ордасының базасында Қытайтану кафедрасы табысты жұмыс істейді. Онда бакалавриат, магистратура, докторантура (PhD) бойынша қытайтанушы мамандар даярланады.
Сондай-ақ проректор өз сөзінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемнің үздік 200 жоғары оқу орнының қатарына кіріп, QS халықаралық рейтингінде 163-орынға ие болғанын атап өтті. ҚазҰУ Орталық Азия елдері арасында 29-орында екенін тілге тиек етті.
Өз кезегінде Қазақстанды зерттеу орталығының директоры Ван Хайан ханым университет басшылығына ілтипат білдіргені үшін алғыс айтып, педагогикалық университеттің қызметі мен болашаққа арналған жоспарлары туралы айтып берді.
Тараптар өзара ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылап, пікір алмасты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі