Ректор Токио дәрілік өсімдіктер қауымдастығының төрағасымен кездесті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Токио табиғи дәрілік өсімдіктер қауымдастығының төрағасы Рюта Фудзимен кездесті.
Рюта Фудзи ҚазҰУ-да өтіп жатқан дәрілік өсімдіктер және табиғи дәрілік заттарды зерттеу конференциясына Жапониядан арнайы келген.
Тараптар жүздесуде серіктестікті нығайтуға, дәрілік өсімдіктерді бірлесіп зерттеу және табиғи өнімдерді нарыққа шығару бойынша байланыстарды тереңдетуге баса мән берді.
ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев құрметті қонақтарды қарсы ала отырып, оқу ордасының жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы ақпарат берді. Ректор университетте өткен дәрілік өсімдіктер және табиғи дәрілік заттарды зерттеу халықаралық конференциясына қатысуға келгені үшін Рюта Фудзиге арнайы ризашылығын жеткізді.
Сонымен қатар өз сөзінде Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ базасында Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығы табысты жұмыс істеп жатқанын атап өтті. ЖОО басшысы Токио табиғи дәрілік өсімдіктер қауымдастығын аталған орталықпен бірлесіп ғылыми бағытта жұмыс істеуге шақырды.
Өз кезегінде Рюта Фудзи болашақта ҚазҰУ-дың Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығымен бірге зерттеу жұмыстарын жүргізуге ниетті екенін жеткізді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі