Ректор Қытай ғалымдарымен кездесті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев дәрілік өсімдіктер және табиғи дәрілік заттарды зерттеу конференциясына арнайы келген қытайлық ғалымдармен кездесіп, серіктестікті арттыру бойынша өзара пікір алмасты.
Ланчжоу мал шаруашылығы және ветеринарлық фармацевтика институтының докторы Чжан Цзю ілтипат білдіргені үшін және ҚазҰУ базасында өткен конференцияны жоғары деңгейде өткізгені үшін оқу ордасының басшылығы мен ұжымына ризашылығын жеткізді. Өз сөзінде ғалым институттың негізгі міндетіне тоқталып, бірқатар ұсынысын ортаға салды.
«Ланчжоу мал шаруашылығы және ветеринарлық фармацевтика институтында мал ауруларының алдын алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазір институт мамандары малдың терісінде кездесетін ауруларға зерттеу жүргізіп, қажетті дәрі-дәрмектер шығаруда. Бұл жұмыстарға ҚазҰУ ғалымдарын жұмылдырсақ, нәтижелі көрсеткішке жетеміз деп ойлаймын», – деді құрметті қонақ Чжан Цзю.
Жүздесуде ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев мал шаруашылығы маңызды салалардың бірі екенін айта келе, Қытай ғалымының айтқан ұсыныстарын қолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ ректор аталған ұсыныстарды ҚазҰУ базасындағы Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығының ғалымдарымен бірлесіп жүзеге асыруды және жұмыс жоспарын дайындауды тапсырды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі