Сенат төрағасы ҚазҰУ-да көшбасшылық дәріс оқыды

7 маусым, 2024

«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев көшбасшылық дәріс оқыды», – деп хабарлайды Сенаттың Баспасөз қызметі.    Дәріске Сенат депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, оқу ордасының студенттері, жас ғалымдар мен оқытушылар қатысты.

Жиынға қатысушылар Мемлекет басшысы Алматыда жас ғалымдармен кездесу кезінде белгілеп берген міндеттерге тоқталды. Сондай-ақ іс-шарада ғылыми кадрлар даярлау, олардың біліктілігін арттыру, зерттеу жобаларына әлеуметтік және қаржылық қолдау көрсету, инновациялық әдістемелер мен технологияларды енгізу бағыттары бойынша ұсыныстар айтылды.

Сенат төрағасы ғасырға жуық тарихы бар университет ұлтымыздың адами капиталын дамыту және кадрлық әлеуетін нығайту жолында тарихи рөл атқарғанын, сондай-ақ ғылым мен инновацияны дамытуға үлкен ықпал етіп келе жатқанын атап өтті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен әділетті Қазақстан құруға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға арналған жүйелі жұмыс атқарылып жатыр. Осындай кешенді жаңғырулар аясында талантты, белсенді жастарға жүйелі түрде қолдау көрсетуге үлкен көңіл бөлініп келеді. Қазіргі таңда жастардың сапалы білім алуына, олардың ғылыммен, шығармашылықпен, спортпен шұғылдануына және жас мамандарды жұмыспен қамтуға тиісті жағдай жасалып жатыр. Осы ретте әділетті Қазақстанды құру баршамыз үшін ортақ міндет екенін түсінуіміз керек. Оның сәтті іске асырылуы әр азаматтың белсенділігіне байланысты. Жастар қай кезеңде де жаңғырудың қозғаушы күші екені белгілі. Бұл  үлкен жауапкершілік. Осы жолда әрдайым бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік сияқты іргелі құндылықтарға табан тіреу қажет», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ өз сөзінде Сенат төрағасы Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылып жатқан реформалар туралы да айтып өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі