Отыз жыл бұрын бітірген түлектер ҚазҰУ-да кездесті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне заң факультетін 30 жыл бұрын бітірген түлектер келіп, оқу ордасындағы соңғы өзгерістермен танысты. Олардың ішінде мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі заңгерлер, еліміздің сот жүйесінің қызметкерлері бар.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев қонақтармен кездесіп, соңғы жылдарда университетте атқарылған жұмыс нәтижелері туралы айтып берді. Сондай-ақ ЖОО басшысы ҚазҰУ-дың одан әрі даму жоспарларымен бөлісті.
Сапар барысында түлектер заң факультетіне барып, бір кездері өздері оқыған және дәріс тыңдаған аудиторияларды аралап көрді. Сонымен қатар факультетте жүргізілген жөндеу жұмыстарымен танысты.
Түлектер өз әсерлерімен бөлісіп, жылы қабылдағаны үшін ректорға ризашылықтарын жеткізіп, білім ордасын дамытуға бағытталған жұмыстарға табыс тіледі.
«Біз бүгін альма-матерімізге келгенімізге өте қуаныштымыз. Біз ҚазҰУ туралы жаңалықтарды үнемі қадағалап отырамыз және жоғары жетістіктеріне қуанамыз. Университеттегі оқытушылар мен профессорлардан алған білімімізді өз қызметімізде қолданып келеміз. Баршаңызды ҚазҰУ-дың 90 жылдық мерейтойымен құттықтаймын!» – деді мемлекет және қоғам қайраткері, ЖОО түлегі Әсет Исекешев.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі