Франция елшісі ҚазҰУ басшылығымен келіссөз жүргізді
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Францияның Қазақстан Республикасындағы өкілетті елшісі Дидье Канесспен кездесті.
Университет ректоры іскер дипломаттың екі ел университеттері арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтті. ҚазҰУ басшысы мәртебелі қонақты білім ордасының жетістіктерімен таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
«Биыл оқу орнымыз QS WUR халықаралық рейтингінде 67 позицияға жоғарылап, 230-орыннан 163-орынға көтерілді. ҚазҰУ – Қазақстан және Орталық Азия жоғары оқу орындары арасында ең үздік 200 университеттің қатарына енген алғашқы және жалғыз білім ордасы. Тоқсан жылдық тарихы бар оқу орны бүгінде әлемдік университеттермен тығыз байланыс орнатқан. Оның ішінде Франция институттары, университеттері, ғылым және жоғары білім саласындағы ұйымдар бар», – деді ректор.
Атап айтқанда, Лотарингия университетімен ынтымақтастық нәтижесінде ҚазҰУ-дың механика-математика факультетінде «Механика және энергетика» қосдипломды білім беру бағдарламасы сәтті жүзеге асырылды. Нәтижесінде 100-ден астам магистрант пен 20 докторант Францияда білім алып қайтты. Химия және химиялық технология факультетінде Лотарингия университетімен «Мұнай-газ инженериясы» және «Абай-Верн» білім беру бағдарламалары сәтті жүзеге асырылуда. Қосдипломды бағдарламалар Францияның басқа да жетекші университеттерімен жасалып отыр. Жалпы, ҚазҰУ Францияның 20-дан аса университетімен қарым-қатынас орнатқан.
Өткен оқу жылында ҚазҰУ-дың 36 студенті мен 14 оқытушысы конференцияларға, семинарларға және бірлескен жобаларды іске асыру үшін Франция университеттеріне барып тәжірибе алып қайтты. ҚазҰУ-да Франция университеттерінен шақырылған ғалымдар дәріс оқиды және олар PhD докторанттардың ғылыми жетекшілері болып табылады.
Кездесу барысында тараптар студенттер мен оқытушылар алмасу, ортақ жобаларды іске асыру, ғылыми байланыстарды дамыту мәселелерін талқылады. Францияның Қазақстандағы өкілетті елшісі Дидье Канесс ҚазҰУ мен Франция жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықтың кеңеюіне оң баға берді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі