ҚазҰУ-да әскери журналистика мамандары даярланады
Қосдипломды бағдарлама Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен ҚР ҚМ Әскери-инженерлік институты арасында жасалды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде әскери журналистер даярланады. «Әскери журналистика» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесі ҚР Қорғаныс министрлігінің Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтымен бірлесіп әзірленді.
Бағдарлама мақсаты – Отанды қорғауды академиялық білімнен бастап, әскери журналистика негіздері, қарулы қақтығыс жағдайындағы репортаж, қақтығыстарды басқарудағы медиатехнологиялар, террорлық қауіп жағдайындағы талдау материалдарын даярлауда кәсіби құзыретті мамандар даярлау.
Жұмыс тобының құрамында Әскери-инженерлік институты тарапынан академиялық ұтқырлық бөлімінің басшысы, доцент, майор Мұхит Тұрымбетов, методист, майор Жанарбек Керімқұлов бар.
Ал ҚазҰУ тарапынан Білім беру бағдарламаларын жобалау кеңсесінің бас маманы Гүлмира Сүлейменова, Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі, профессор Гүлмира Сұлтанбаева, кафедра оқытушысы, «Эрасмус» бағдарламасының үшдипломдық бағдарламасының түлегі Шыңғыс Абиров бар.
ҚР ҚМ Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес, 2001 жылы 15 қазанда құрылған. Орталық Азиядағы байланыс және автоматтандырылған жүйені басқару мамандарын даярлайтын бірден-бір жоғары әскери-инженерлік оқу орны.
Ал Әскери-инженерлік институттың мақсаты – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің интеллектуалды негізі саналатын жоғары білікті офицер кадрларын даярлау.
Журналистика факультеті