Қытай БАҚ өкілдеріне баспасөз-туры ұйымдастырылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қытай БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз-туры ұйымдастырылды. Журналистер қалашықтағы бірқатар ғылыми орталықтар мен зертханаларды аралап, жұмысымен танысты.
Мақсат – университет жетістіктерін журналистер арқылы Қытай халқын ақпараттандыру, оқу ордасының ғылыми инфрақұрылымымен таныстыру.
БАҚ өкілдері алдымен Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығына барып, қызметімен танысты. Орталық директоры Жанар Жеңіс өндірістің негізгі мақсаты Қазақстанда өсетін дәрілік өсімдіктерді зерттеу екенін айтып, атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады. Сонымен қатар болашақта Қытай ғалымдарымен бірлесіп жүзеге асырылатын жобалар таныстырылды. Орталық соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған. Қазіргі таңда мұнда дәрілік өсімдіктерден жасалған биологиялық белсенді қоспалар мен иммунитетті көтеретін фитошайлар өндіріледі.
Қытай журналистері сондай-ақ ҚазҰУ базасында ашылған Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалында болды. Олар география және табиғатты пайдалану факультетінде жаңадан ашылған «Қашықтықтан зондтау технологиясы және қолдану» қазақ-қытай бірлескен зертханасын аралап көрді. Ғылыми орталық Орталық Азия өңіріндегі климаттың өзгеруі салдарынан орын алған су тапшылығы, құрғақшылық, жердің құнарсыздануы сияқты экологиялық мәселелерге мониторинг жүргізеді.
БАҚ өкілдері ҚазҰУ ғалымдары мен студенттерден оқу ордасы туралы сұхбат алды. Дайындалған сюжеттер алдағы уақытта Қытай телеарналарынан көрсетіліп, әлеуметтік желілерде жарияланатын болады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі