Университеттік ғылымды ілгерілету мәселесі қарастырылды

12 маусым, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Сингапурдағы Akhter Studios компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді.

Делегация құрамында компания президенті  Адмет Акхтер, компания негізін қалаушылардың бірі Шамиль  Ахмедов және Дмитрий Нигодин бар.

Тараптар ғылыми жобаларды коммерцияландыру бағытында бірлесіп жұмыс істеу және серіктестікті арттыру бойынша мәселелерді талқылады.

Жүздесуде оқу ордасының басшысы құрметті қонақтарды қарсы ала отырып, ҚазҰУ ғалымдарының инновациялық жобаларын таныстырды. Жансейіт Түймебаев ынтымақтастықты арттыруға бағытталған бірқатар ұсынысын ортаға салды. «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғылымға көп көңіл бөледі. Білім ордасында ғалымдарымыз әзірлеген ғылыми жобалар жетерлік. Осы инновациялық жобаларды ілгерілету, коммерцияландыру және маркетинг жұмыстарын жүргізу мақсатында ҚазҰУ базасында  кеңсе ашуды ұсынамын. Бұл екі тараптың бірлесіп жұмыс атқаруына үлкен септігін тигізері сөзсіз», – деді ректор.

Өз кезегінде Akhter Studios компаниясының президенті Адмет Акхтер ілтипат білдіргені үшін университет басшылығына ризашылығын білдіріп, кеңсе ашу бойынша ұсынысты қолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ Адмет Акхтер компанияның негізгі қызметіне тоқталып, жұмыс нәтижелерімен бөлісті.

Кездесу соңында тараптар аталған бастамаларды болашақта жүйелі түрде жүзеге асыруға уағдаласып, естелік сыйлықтармен алмасты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі