Химия және мұнайхимия саласындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды

12 маусым, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев СИБУР корпоративтік университетінің жобаларды дамыту бойынша басшысы Александр Сесоровты қабылдады.

Кездесу барысында тараптар химия және мұнайхимия саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективаларын талқылады.

Александр Сесоров Жансейіт Түймебаевқа полимерлер мен каучук өндірумен айналысатын Ресейдің ірі мұнай-газ химия компаниясы – СИБУР-дың қызметі туралы ақпарат берді. Құрметті қонақ әрі қарай ҚазҰУ мен СИБУР университеті арасындағы серіктестікті дамытудың негізгі мәселелеріне тоқталды.

«Біз Қазақстан ЖОО-ларымен, атап айтқанда ҚазҰУ-мен ынтымақтасуға ниеттіміз. Алдағы уақытта бірлескен жобалар мен бағдарламаларды іске асырғымыз келеді. Өз тарапымыздан ҚазҰУ оқытушылары мен студенттерін біздің кәсіпорындарда тағылымдамадан өткізуге қолдау білдіреміз. Сондай-ақ магистратурадағы білім бағдарламалары арқылы кадрлар даярлауға мүдделіміз. Цифрлық жобаларды жүзеге асыруда мол тәжірибеміз бар. Бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз», – деді Александр Сесоров.

 

Өз кезегінде оқу ордасының ректоры университет базасында химия және химиялық технология факультеті жұмыс істейтінін, қазіргі уақытта 21 мамандық және үш дайындық деңгейі бойынша 1500-ден астам студент оқитынын атап өтті.

Кездесу соңында Жансейіт Түймебаев Александр Сесоровтың барлық бастамалары мен ұсыныстарына қолдау білдіріп, жемісті ынтымақтастық орнайтынына сенім білдірді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі