ҚАЗҰУ THE IR РЕЙТИНГІНДЕ РЕКОРД ОРНАТТЫ

12 маусым, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тұңғыш рет қазақстандық ЖОО-лар арасында Times Higher Education University Impact Rankings – 2024 халықаралық рейтингінде Топ 401-600 орынға ие болды. Халықаралық рейтингке әлемнің 1963 университеті енген.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттары Жер шарын қорғауға және халықтың денсаулығы мен әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.

Times Higher Education University Impact Rankings – 2024 рейтингі ғылыми зерттеулер, әлеуметтік бағдарламалар, ресурстарды басқару, университеттің білім берудегі үлесі бағыттары бойынша бағалау жұмыстарын жүргізді.

Өткен жылмен салыстырғанда биыл ҚазҰУ түрлі критерийлер бойынша көш бастады. Білім ордасы ТДМ-ның №5 «Гендерлік теңдік» бағытында 56-орынға, ал  №7 «Қолжетімді және таза энергия» бағытында 68-орынға жайғасып, үздік 100-ке кірді. Оқу ордасы №12 «Жауапты тұтыну және өндіріс», №14 «Теңіз экожүйелерін сақтау» және №15 «Құрлық экожүйелерін сақтау» бойынша Топ-200 ЖОО қатарына қосылды. №6 «Таза су және санитария» бағыты бойынша 100 позицияға жоғарылап, 201-300 орынға көтерілді. «Жақсы денсаулық және әлеуметтік әл-ауқат» бағытында  601-800 орын алып, 200 позицияға көтерілді.

Университет Тұрақты даму мақсаттарының «Аштықты жою», «Лайықты жұмыс және экономикалық өсу», «Индустрияландыру, инновациялар, инфрақұрылым», «Тұрақты қалалар және елді мекендер» бағыты бойынша Топ-600 ЖОО қатарында. Сонымен қатар көшбасшы білім ордасы №16 «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар» және №17 «Тұрақты даму үшін серіктестік» бойынша өз позициясын сақтап қалды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ТДМ-ның барлық бағытын жүзеге асыруда және оны қолдануда ауқымды жұмыстарын атқара бермек.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымын әлемдік рейтингтегі жарқын жеңісімен құттықтаймыз!

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі