ҚазҰУ сыбайлас жемқорлыққа қарсы жазғы мектебіне қатысты
Павлодарда жоғары оқу орындарының оқытушылары мен комплаенс қызметкерлеріне арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы жазғы мектептің ашылуы өтті. Оған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушылары да қатысты.
Салтанатты ашылу рәсіміне сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Павлодар қаласы бойынша басқармасының басшысы Медет Амралинов қатысты. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат және халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл стандарттары» тақырыбында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру басқармасының превенция қызметінің басшысы Мирас Қарғабай презентация жасады.
Сондай-ақ Қазақстандағы БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы офисінің (БҰҰ ЕҚБ) бағдарламаларының ұлттық үйлестірушісі Әділет Мұқышев, «Торайғыров университеті» КеАҚ орталығының Extension директоры, ISO 37001 аудиторы және имплементаторы Гүлнар Исенова және т.б. баяндамалар жасады.
Алғашқы күні жазғы мектептің қатысушылары түсі бойынша сегіз командаға бөлініп, интеллектуалды квиз-ойын өткізді. Әр команда бес адамнан құрылды. Жазғы мектеп барысында тренингтер ұйымдастырылып, әр сабақтың соңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы түрлі тақырыптарда жобаларды дайындауға тапсырма алды. Жазғы мектептің соңғы күнінде қатысушылар жоба бойынша өз презентацияларын ұсынып, қорғады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жазғы мектепке Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының оқытушысы Ә.Жайнақ қатысып, білімі, тәжірибесімен бөлісті. Ұйымдастырушылар атап өткендей, жазғы мектептің мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте халықаралық және қазақстандық тәжірибені зерделеу, Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңын білуді нығайту. Сондай-ақ білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес құралдарын зерделеу және енгізу.
Шара соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталып, Павлодар өңірінің киелі жерлеріне экскурсия ұйымдастырылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі