Биология және биотехнология факультетінің базасында цитоматрицаны зерттеу бойынша Қазақстан-Америка бірлескен орталығы құрылады

6 маусым, 2024

Факультетке жұмыс сапарымен келген ғалым, Хьюстон университетінің профессоры, PhD Шайкен Тәттім операциялық қызмет жөніндегі проректор Еркін Дүйсеновпен кездесіп, орталық құру туралы меморандумға қол қойды.

Аталған орталық тараптар үшін цитоматрицаның қасиеттері мен сипаттамаларын зерттеу саласындағы серіктестікті арттыруға септігін тигізеді. Сонымен қатар жасуша биологиясының дамуына және Қазақстанда қатерлі ісікке қарсы терапияның инновациялық тәсілдерін әзірлеуге өз үлесін қосады.

Жүздесуде проректор Еркін Дүйсенов жасалған меморандумның маңыздылығына тоқталып, ҚазҰУ ғылыми бағытта бірлесіп жұмыс істеуге әрқашан дайын екенін жеткізді.

Өз кезегінде әйгілі ғалым Шайкен Тәттім ҚазҰУ базасында құрылатын орталықтың негізгі міндеттеріне тоқталды. «Бұл орталық онкологиялық ауруларға қарсы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, фармакогенетикалық және молекулалық диагностикалық тестілеу мүмкіндіктерін кеңейтеді. Нәтижесінде өлімге алып баратын қатерлі ісік ауруын емдеуге және алдын алуға мол мүмкіндік туады», – деді ғалым.

Кездесу соңында тараптар орталықтың ашылу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуге уағдаласты.