Биология және биотехнология факультетінің деканы, биология ғылымдарының докторы, профессор М.С. Құрманбаеваның Стэнфорд университетінің PhD докторы, Biodock компаниясының тең құрылтайшысы Нұрлыбек Мұрсалиевпен кездесуі өтті

12 маусым, 2024

2024 жылдың 12 маусымында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ биология және биотехнология факультетінің деканы М.С.Құрманбаеваның Стэнфорд университетінің PhD докторы, Biodock компаниясының (штаб-пәтері Остин қ., Техас, АҚШ) негізін қалаушы ғалым Нұрлыбек Мұрсалиевпен іскерлік кездесуі өтті. Доктор Нұрлыбек Мұрсалиев – Стэнфорд университетінде оқыған, PhD дәрежесін алған үшінші қазақстандық азамат, жасушалық және молекулалық биология бағытында маманданған, компания құрғанға дейін осы университетте ассистент-оқытушы болып жұмыс істеген. Стэнфорд университеті жоғары оқу орындарының "QS World University Rankings 2024" әлемдік рейтингінде 6-шы орынды және Times Higher Education (THE) "World University Ranking 2024" рейтингінде 2-ші орынды иемденіп отырған жоғары оқу орны.

Факультет деканы профессор М.С. Құрманбаева Biodock.ai платформасымен халықаралық ынтымақтастық факультеттің профессорлық-оқытушылар құрамы үшін отандық және мемлекетаралық ғылыми гранттық бағдарламалар аясында жоғары технологиялар саласындағы өзара тиімді ғылыми жобаларды бірлесіп жүзеге асыру және докторанттарды даярлау мүмкіндіктеріне орай қызығушылық танытатынын атап өтті.

Маңызды кездесудің басты аспектісі – Biodock.ai-мен агробиология, цитология, биовизуализациялау салаларында жасанды интеллектті қолдана отырып ынтымақтастық орнату перспективаларын талқылау болды. Biodock –биологтарға, биомедицина зерттеушілеріне кескіндерді микроскоптау мен талдауды жеделдетуге көмектесетін компания.