Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, студенттері, магистрант, докторанттары!
Сіздерді қасиетті Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Биылғы ұлық мейрам маусым айының үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күнімен тұспа-тұс келіп отыр.
Оқу орнымызда болашақ ақ халатты абзал жандарды тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатып жатқан медицина және денсаулық сақтау факультеті мен білім алушыларға қызмет көрсететін емхана орталығы ұжымына да жылы лебізімді жеткізгім келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қазақстандықтарға ыстық ықыласын жеткізе келе «Барша мұсылмандар асыға күтетін қастерлі мерекенің тағылымы зор. Құрбан айтта, ең алдымен, сауабы мол игі амалдар жасалып, елді ізгілікке бастайтын құндылықтар кеңінен дәріптеледі. Сол арқылы халқымыздың рухани тұтастығы нығая түседі. Ата дініміздің ұлағаты біздің салт-дәстүрімізбен тығыз сабақтасып жатыр. Халқымыз қашанда қиындыққа тап болған жандарға қол ұшын беріп, көмегін аямаған. Көктемдегі алапат тасқын кезінде жұртымыздың осы асыл қасиеті айқын көрінді. Біз ырысты ынтымағымыздың арқасында кез келген қиындықты жеңеміз» - деп атап өтті.
Сондай-ақ дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне ақ тілегін арнап, денсаулық сақтау саласын дамытудағы жұмыстарға тоқталып өтті.
Президент атап өткендей «Денсаулық сақтау саласын дамыту, дәрігерлерді барынша қолдау – мемлекеттің маңызды міндетінің бірі. Біз өздеріңіздің қажырлы еңбектеріңізді қашанда жоғары бағалаймыз. Медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеруге және олардың құқықтарын қорғауға әрдайым баса назар аударамыз. Жақында қабылданған арнайы заң – осының айқын дәлелі. Сондай-ақ елімізде тұңғыш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы белгіленді. Бұл марапат халыққа қалтқысыз қызмет еткен нағыз майталман мамандарға беріледі. Сіздер «Адал азамат» тұжырымдамасының идеалдары мен құндылықтарын берік ұстанып, кәсіби біліктілік пен антқа адалдықтың үлгісін көрсетіп жүрсіздер».
Қайырымдылық пен кешірімге үндейтін, Гиппократ антына адалдық насихатталатын қос мерекеде ізгі амалдарыңыз қабыл болып, арман-мұраттарыңыз орындалсын.
Әрбір шаңыраққа бақ-береке, ырыс-ынтымақ нәсіп етсін!
Басқа амандық, асқа адалдық тілеймін.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Құрметпен Әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ Басқарма Төрағасы-Ректоры
Жансейіт Қансейітұлы ТҮЙМЕБАЕВ