ҚазҰУ-да VATEL бизнес мектебінің (Франция) филиалы ашылады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен VATEL қонақүй менеджменті және туризм мектебі (Франция) қонақжайлылық пен туризм саласындағы білім беру бағдарламаларын нығайтуға бағытталған стратегиялық әріптестік туралы жариялады. Бұл ынтымақтастық студенттерге ҚазҰУ-дың академиялық дайындығы мен VATEL халықаралық деңгейде танылған стандарттарын біріктіретін қос диплом алуға бірегей мүмкіндік береді.
VATEL (Франция) оқу орнының француз делегациясы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығымен келіссөздер жүргізді. Француз делегациясының құрамына: Францияның Алматы қаласындағы бас консулы Фабрис Неве мырза, VATEL бизнес мектептерінің халықаралық даму директоры Алин Ренар Ванг, Франциядағы ҚР елшілігінің мәдени ынтымақтастық жөніндегі кеңесшісі Алекс Бортолан және т.б. болды.
Қонақтарды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың операциялық қызмет жөніндегі проректоры Еркін Дүйсенов, академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алтай Қазмағамбетов, география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Әлия Ақтымбаева және т.б. қарсы алды.
Еркін Дүйсенов француз делегациясына сапары үшін алғысын білдіріп, жуырда әлемдік университеттер арасында QS халықаралық рейтингінде 230-орыннан 163-орынға көтерілген ҚазҰУ-дың ғылыми-білім беру қызметі мен жетістіктері туралы баяндап берді. Проректор қонақтарды ҚазҰУ-дың Францияның жетекші университеттерімен өзара іс-қимылы туралы хабардар етті. Айта кету керек, 2022 жылы Қазақстан және Франция ЖОО ректорларының VІІ форумында (Париж) «Эрасмус+» бағдарламасы аясында Шампан-Арденна Реймс университетімен студенттер алмасу туралы шартқа қол қойылды. Қазіргі уақытта халықаралық қатынастар факультетінің төрт студенті Реймс университетінде «Эрасмус+» бағдарламасы бойынша білім алуда. Форум аясында ҚазҰУ Политехникалық зерттеулер институты (Sciences Po Париж), Лотарингия университеті, Шампан-Арденна Реймс университетімен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
2023/24 оқу жылында ҚазҰУ-да француз білім алушылар саны 36 студент және бес докторант болды. ҚазҰУ-ға «Қазақстанның жоғары оқу орындарына шетелдік мамандарды тарту» бағдарламасы аясында жетекші француз ғалымдары белсенді тартылды. Кездесу барысында қатысушылар өзара іс-қимылды дамыту бойынша пікір алмасып, бірқатар мәселелерді талқылады.
VATEL бизнес мектептерінің халықаралық даму директоры Ален Ренар Ванг ханым ҚазҰУ басшылығына жылы қабылдағаны үшін алғысын білдіріп, Ватель университеті мен бизнес мектебінің (Франция) қызметі туралы әңгімелеп берді. 2023 жылғы «Қонақүй және бос уақыт менеджменті» санатындағы QS World University Rankings рейтингінде VATEL әлемде 11-орында, бұл оның осы саладағы жетекші мекеме мәртебесін растайды. ҚазҰУ-мен арада орнатылатын серіктестік Қазақстанда және одан тыс жерлерде қонақүй бизнесін тиімді басқаруға және туристік индустрияны дамытуға қабілетті жоғары білікті мамандарды даярлауға бағытталғанын Франция қонақтары тілге тиек етті.
Серіктестік аясында бағдарламаға қатысатын студенттер екі диплом алады: бірі – ҚазҰУ-дан және екіншісі – VATEL-ден, бұл олардың халықаралық еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін едәуір арттырады.
«Ватель мектебі мамандарының пікірінше, қонақжайлылықты зерттеудің ең жақсы тәсілі – оны түрлі мәдени контексте пайдалану деп санаймыз. Біздің студенттер Франция, АҚШ, Аргентина және Қытайды қоса алғанда, 31 елде орналасқан 55 кампустың кез келгенінде оқуға және тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алады», – деді VATEL бизнес мектептерінің халықаралық даму директоры Алин Ренар Ванг ханым.
Бағдарлама түлектері бүкіл әлем бойынша жұмыс берушілер арасында кешенді дайындық пен оқу процесінде алынған нақты тәжірибенің арқасында жоғары сұранысқа ие. Бұл болашақта АҚШ, Франция, Швейцария сияқты әлемнің 32 елінің үздік қонақүйлерінде жұмысқа орналасуға құнды мүмкіндік береді.
Келіссөз соңында ынтымақтастық туралы құжатқа қол қою рәсімі өтті, оның шеңберінде ҚазҰУ қабырғасында VATEL бизнес мектебінің филиалын ашу жоспарланды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі