ҚазҰУ-ды 35 жыл бұрын бітірген экономистер бас қосты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде экономика және бизнес жоғары мектебі факультетінен 35 жыл бұрын түлеп ұшқан, бүгінгі экономика саласындағы белгілі тұлғалар бас қосты.
Көшбасшы жоғары оқу орнына арнайы келген түлектер ҚазҰУ қалашығын аралап, университеттің соңғы жетістігімен танысты. Сондай-ақ жаңадан ашылған ғылыми зертханаларды көрді.
1989 жылғы түлектерді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев қарсы алып, оқу ордасына арнайы келгендері үшін алғысын жеткізді.
Алдымен құрметті қонақтар өздері білім алған экономика факультетіне барып, аудиториялар мен дәріс залдарын аралады. Жансейіт Түймебаев оқу ғимаратында жүргізілген жөндеу жұмыстарының барысына тоқталды. Факультеттегі есіктер мен терезелер, жиһаздар ауыстырылды. Сонымен қатар фойелер мен дәліздер кеңейтіліп, жарық шамдары көптеп орнатылды.
Түлектер өздеріне дәріс берген оқытушылармен әңгімелесіп, студенттік кездерін еске алды.
«35 жылдан соң университет қабырғасында жиналып отырғанымызға қуаныштымыз. Университетте бірге оқыған достармен жиі жүздесіп, шер тарқатқан да жақсы. ҚазҰУ-да көп өзгерістер болған екен. Бүгін барлығын өз көзімізбен көріп, біліп жатырмыз. Өзіміз оқыған алма-матердің одан әрі дамып, жаңа белеске көтерілгенін естіп қатты қуанып отырмыз», – деді ҚазҰУ түлегі, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев.
Кейін түлектер ҚазҰУ-да жаңадан ашылған «Қашықтан зондтау технологиясы және қолдану» қазақ-қытай бірлескен зертханасында болып, оқу ордасының ғылыми инфрақұрылымымен танысты. Аталған орталық қашықтан бақылау арқылы табиғи қауіп-қатердің алдын алуды қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде Қазақстан, Қытай және Орталық Азия үшін экологиялық платформа құруға мол мүмкіндік береді. ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев қонақтарға орталықтағы құрылғылар мен аппараттарды таныстырып, зертхананың негізгі мақсатын түсіндірді.
Сондай-ақ білім ордасына арнайы келген түлектер Фараби кітапханасын және қалашықтағы кофехананы аралап, білім алушы жастар үшін жасалған жағдайларға көз жеткізді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі