ҚазҰУ-дың 25 зерттеушісі «Жас ғалым» конкурсының жеңімпазы атанды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 25 жас ғалымы 2024-2026 жылдарға арналған «Жас ғалым» гранттық қаржыландыру конкурсының жеңімпазы атанды.
Дәстүрлі түрде өтетін конкурс жоғары білікті және бәсекеге қабілетті зерттеушілерді қалыптастыруға, ғылымға дарынды жастарды тартуға, жас зерттеушілердің үлесін арттыруға серпін береді.
Аталған конкурс жеңімпазының бірі – ҚазҰУ-дың постдокторанты Арайлым Аманжолқызы. Жобаның атауы – гидроксипропилметилцеллюлоза негізінде өсімдік сығындыларының гидрогельдік формаларын жасау. Яғни «Дәрілік препараттарды иммобилизациялау» лабораториясында өсімдік сығындылары негізінде жаңа гидрогельдік формалары алынып, олардың физика-химиялық қасиеттерін және биологиялық белсенділігі зерттеледі. ҚазҰУ ғалымы дайындаған өнім медицинадағы өзекті мәселелерді шешуге және пайдалануға мол мүмкіндік береді.
Бүгінде экономиканың серпінді дамып келе жатқан салаларының бірі – фармацевтика саласы. Онда отандық өндірушілердің үлесі 25 пайызды құрайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, дәрілік заттардың 80 пайыздан астамы өсімдіктекті. Аурулардың көпшілігі дәрілік терапиямен қатар, дәрілік шөптермен біріктіруді қажет етеді, бұл табиғи қосылыстардың химиясын зерттеу саласына қызығушылықтың артуына әкелді.
«Біздің жоба қазіргі таңда өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. Алынған сығындылар мен гидрогельдерді медициналық мақсатта, жұмсақ трансдермальды дәрілік формаларды әзірлеу үшін пайдалануға болады. Гидрогельдер мен жақпамайлардың жараларды емдейтін әсері бар. Сондай-ақ күйіктен кейінгі кезеңде емдеуде жараларды қорғау үшін, стоматологиялық ауруларды емдеу үшін гидрогельді жабындар ретінде қолданса болады», – деді жас зерттеуші.
Алдағы уақытта Арайлым Аманжолқызы «Жас ғалым» конкурсы негізінде бөлінетін қаржыға зерттеу жұмыстарын одан әрі дамыту үшін арнайы құрылғылар сатып алатынын жеткізді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі