Кәсіподақ 250 балаға мектеп сөмкесін сыйлады
Университет әкімшілігінің қолдауымен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағы биыл бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндерге сөмке мен оқуға қажетті құрал-жабдықтарды алып берді.
Осылайша 250 бала кеңсе тауарлары салынған мектеп сөмкесімен қамтамасыз етілді. Онда қалам, түрлі түсті қарындаш, дәптерлер, ермексаз, акварель және басқа да заттар салынған.
Сегізінші жыл қатарынан өтіп жатқан шараға ҚазҰУ қызметкерлері «Парасат» кәсіподағының төрағасы Талғат Мекебаев, факультет декандары, ата-аналар мен балалар қатысты.
Жиынды Талғат Мекебаев құттықтау сөзбен ашып, балаларға қуанышты жаңалықтар мен мектеп бағдарламасын игеруде үлкен табыс тіледі. Өз сөзінде кәсіподақ төрағасы айтулы бастаманың маңыздылығын атап өтті.
«Бірінші оқу жылы – ата-ана мен бала үшін жауапты және маңызды кезең. Біздің мақсат – қызметкерлерді әлеуметтік жағынан қолдауға ерекше көңіл бөлу. Баланы мектепке дайындау отбасылық бюджетке айтарлықтай салмақ салады. Кәсіподақ комитетінің сөмкелері бұл ата-аналар үшін жақсы әлеуметтік көмек деп санаймыз. Биыл «Кәсіподақ» сөмкелерін бірінші сыныпқа баратын 250 бала алып отыр. Сөмкелердің сапасы жоғары», – деді Талғат Мекебаев.
Өз кезегінде ҚазҰУ қызметкерлері мен балалар ризашылықтарын білдіріп, ақжарма тілектерін жеткізді.
Шара барысында арнайы шақырылған аниматорлар өнерлерін көрсетіп, балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Олар химиялық элементтерді пайдалана отырып, қызықты реакциялар жасап көрсетті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі