Ректор «Жас ғалым» байқауының жеңімпаздарымен кездесті

26 маусым, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев «Жас ғалым» гранттық қаржыландыру конкурсының жеңімпаздарын қабылдады.

Биыл республика бойынша «Жас ғалым» байқауында 225 ғалым жеңіске жеткен. Соның ішінде 25 жас зерттеуші Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жұмыс істейді.

Кездесуде  Жансейіт Қансейітұлы жас ғалымдарды жеңісімен құттықтады. «Баршаңызды айтулы жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Бұл байқаудың жеңімпаздарына көп үміт артылып отыр. Сондықтан бәсеңсіп қалуға болмайды. Болашақта отандық ғылымның даму жолында аянбай еңбек етеді деп сенемін», – деді ЖОО басшысы. 

Өз сөзінде ректор  ғалымдардың емін-еркін ғылыммен айналысуы үшін бүгінде мемлекет тарапынан түрлі әлеуметтік қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті. «Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымға көп көңіл бөлуде. Осы тұрғыда мемлекет тарапынан ғалымдарға барлық жағдай жасалып жатыр. 2022 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға зерттеу университеті атағы берілді. Бұл мәртебе университеттік ғылымды одан әрі дамытуға тың серпін береді. ҚазҰУ еліміздегі көшбасшы жоғары оқу орны болғаннан кейін біздің ғалымдарымызға көп үміт артылатыны анық», – деді ректор.

Сөз соңында Жансейіт Түймебаев «Жас ғалым» гранттық қаржыландыру конкурсының жеңімпаздарын оқу ордасындағы қоғамдық шараларға белсенді қатысуға шақырды.

Кездесуге қатысушы жас ғалымдар университеттік ғылымды дамытуға бағытталған өз ойларын жеткізіп, ұсыныс-тілектерімен бөлісті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі