Кадрлар даярлау бойынша ынтымақтастық мәселелері талқыланды

27 маусым, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Hyundai Motor Chung Mong-Koo қорының төрағасы Моосунг Чунг бастаған делегациямен кездесу өткізді.

Әңгіме барысында тараптар жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Сондай-ақ күн тәртібіндегі өзекті мәселелер туралы пікір алмасты.

Жоғары оқу орнының қабырғасында құрметті меймандарды қарсы ала отырып, ҚазҰУ ректоры серіктестікті жаңа бағытта дамыту жөнінде бірнеше бастама көтерді. Атап айтқанда, Жансейіт Түймебаев өз сөзінде ТМД елдері үшін кадрлар даярлау жөніндегі бірлескен ғылыми-білім беру орталығын ашу туралы ұсынысын жеткізді.

«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шетелдермен бірлесіп орталық ашуда мол тәжірибесі бар. Бүгінде оқу ордасының базасында Ресей, Қытай және т.б. елдермен бірге ашылған ғылыми зертханалар мен орталықтар жұмыс істейді. Қазақстан көптеген елдермен шектеседі. Сондықтан елімізде орталықтың ашылуы екі жаққа да жақсы мүмкіндік береді. Орталықта маркетолог, IT, инженерлік және аударма ісі сияқты өзекті мамандықтар бойынша кадрлар даярланады. Дәрістер корей, ағылшын және орыс тілдерінде жүргізіледі», – деді ЖОО басшысы.

Өз кезегінде Моосунг Чунг Hyundai Motor-дың қызметі туралы айтып, екі ел арасындағы серіктестікті дамытудың маңыздылығын атап өтті.

«Қазақстан Корея үшін стратегиялық маңызды ел болып табылады. Біздің Президенттің жуырдағы сапарынан кейін корей және қазақстандық компаниялар мен кәсіпорындар арасындағы әріптестік жандана бастады. Hyundai Motor – Кореядағы ең ірі ұйымдардың бірі. Сондықтан мұндай әлемдік кәсіпорын ресурстар мен мамандардың дамуына өз үлесін қосуы керек деп санаймыз. Бүгінге дейін біз Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне әлеуметтік қолдау көрсеттік, енді Орталық Азияға көшуге ниеттіміз», – деді Моосунг Чунг.

Кездесу соңында құрметті қонақ кездесуде айтылған барлық ұсыныстарды Hyundai Motor басшылығына жеткізетінін атап өтіп, ҚазҰУ ректорының бастамаларын іске асыруға бар күш-жігерін салатынын айтты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі