Ректор еркін форматта белсенді жастармен кездесті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев білім алушы жастармен кездесті. Жастар қатарында белсенді студенттер, спортшылар, оқу ордасындағы жастар ұйымдарының басшылары, түрлі байқаулардың жеңімпаздары бар.
Кездесуде ҚазҰУ басшысы еліміздің болашағы өскелең ұрпақтың қолында екеніне тоқталып, университет тарапынан жастарға, олардың идеялары мен ұсыныстарына әрқашан қолдау көрсетілетінін айтты. Жастарға Жансейіт Түймебаев 90 жылдық тарихы бар университеттің екінші даму жоспарын таныстырды. «Жоспар бойынша қалашықта оқу корпустары, емхана, жатақханалар, технопарк, ғылыми орталықтар, спорттық нысандар салынады. Мұның барлығы студенттердің игілігі үшін», – деді ректор.
Өз сөзінде ҚазҰУ басшысы жастарды қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысуға және университетті жаңғырту процесіне өз үлестерін қосуға шақырды. «ҚазҰУ студенті болғаннан кейін сіздерге де артылар жүк жеңіл емес. Әлемдік аренада бәсекеге қабілетті болу үшін көп оқып, ғылымда, білімде, спортта озат болу қажет. Яғни біздің университеттің жастары жаһандық деңгейдегі жаңа жобаларды жүзеге асырып, ғылыми жаңалық ашуы керек», – деді ЖОО басшысы.
Жүздесуде Жансейіт Түймебаев студенттердің белсенділігін арттыру бойынша ұйым басшыларына бірқатар тапсырмалар берді. «ҚазҰУ-дағы барлық студенттер белсенді болуы шарт. Сондықтан оқу ордасында креативті шараларды көптеп ұйымдастыру керек. Университеттің 90 жылдығы аясында студенттік жобаларға қолдау көрсетіп, ауқымды кездесудер өткізу қажет. Бұл шаралардан шетелдік студенттер тыс қалмауы тиіс. Сонымен қатар ҚазҰУ қалашығындағы мүсіндік композицияларды көбейту керек. Бұқаралық спортты дамыту қажет», – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Сондай-ақ ректор Жастар ұйымы комитетінің биыл атқарған жұмыс нәтижелерімен танысты. Еркін форматта өткен кездесуде жастар университетті дамытуға арналған өздерінің ұсыныстарын ортаға салып, пікір алмасты.
Айта кетейік, Жастар ұйымы комитетінің мәліметінше, 2022 жылы оқу ордасында 4 мыңнан астам белсенді студент болса, биыл бұл көрсеткіш 12 мыңға жеткен.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі