ҚазҰУ делегациясы Үрімжі қаласына жұмыс сапарымен барды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің проректоры, департамент басшылары мен ғалымдар Қытайдың Үрімжі қаласына жұмыс сапарымен барды.
Сапар барысында делегация Жібек жолы денсаулық форумына, академиктердің V «Бір белдеу – бір жол» саммитіне және Шанхай ынтымақтастық ұйымы ауруханаларының VІ ынтымақтастық форумына қатысты.
Халықаралық іс-шараны Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының денсаулық сақтау комиссиясы, Қытай ауруханалар қауымдастығы, сондай-ақ Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының халық ауруханасы бірлесіп ұйымдастырды.
«Форум халықаралық байланысты одан әрі арттыруға тың серпін береді. Мұнда саясаткерлер, көрнекті ғалымдар, атақты профессорлар, әлемнің түрлі елінен келген көшбасшылар жиналды. Бұл іс-шара қатысушылардың бір-бірімен пікір алмасатын диалог алаңына айналды. Шыңжаң – аңыздарға толы жер. Терең мәдени мұрасы мен стратегиялық орналасуы бар осындай өңірде жоғары деңгейдегі форум өткізу үлкен маңызға ие. Болашақта біз ғылыми жұмыстарды бірлесіп атқару үшін тығыз қарым-қатынас орнатып, зерттеулер жүргізетін боламыз», – деді ҚазҰУ делегациясы.
ҚазҰУ делегациясының Қытайға жұмыс сапары барысында бірқатар келісімге қол жеткізілді. Атап айтқанда, ҚазҰУ-дың медицина және денсаулық сақтау факультетінің базасында Синцзян екінші мемлекеттік ауруханасымен бірлескен клиникалық симуляциялық орталық ашылады. Меморандум аясында Синцзян екінші мемлекеттік ауруханасы қажетті құрылғылар және аппараттармен қамтамасыз етеді. Бұл орталық өз кезегінде оқытушылар мен студенттердің білімдерін жетілдіріп, білікті мамандар даярлауға үлкен септігін тигізетін болады.
Сонымен қатар ҚазҰУ-дың Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығы мен Қытайдың Дәрілік өсімдік өнімдері орталығы келісімшартқа қол қойды. Келісім аясында екі орталық мамандары бірге ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, студенттерге ғылыми жетекшілік етеді. Сонымен қатар тәжірибе алмасып, ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асырады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі